«QASHGARI» этно-топтамасының сән көрсетілімі болып өтті
-
05 сәуір, 2023
Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Кәсіптік білім кафедрасының техникалық ғылым магистрі, аға оқытушысы, ҚР Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Бегешова Ұлжан Нұғманқызының «QASHGARI» атты этно-топтамасының дебют-шоу шығармашылық сән көрсетілімі болып өтті.
Көрсетілімге Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет»- орденінің иегері, Еуразия дизайнерлер одағының төрағасы Асылханов Ермек Сабырұлы, «ATELIER RAUSHAN» студиясының басшысы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, халықаралық сән байқауларының лауреты. Ануарбекова Раушан Абдулаевна, Алматы технологиялық университеті, PhD, «Дизайн» кафедрасының сениор лекторы, ҚР дизайнерлер одағының мүшесі Абилкаламова Камиля Қайратқызы,Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, PhD философия докторы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Абижанова Асем Шаймерденова, Әйелдер коучы, тәжірибелі маман Баимбаева Алия , «Бану» ателье басшысы Сүйменова Шарбану Ақылғалиевна және университетіміздің Басқарма мүшелері мен Басқарма Төрағасы Гүлмира Қанай, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Дебют-шоуда көрермен назарына ұсынылған этно стильдегі «STEPPE WIND» топтамасында заманауи үлгіде тігілген жас қыздар киімдерінде жартастағы бейнелеулердің көрінуі көз тартарлығымен және терең символикасымен айрықшаланса, «DBL BEGIM» топтамасында қалыптасқан дәстүрлі көзқарастарымен қатар, жаңаның легімен келген деконструкция әдісі қолданылып, қазіргі уақытты ұғыну мен байыту тәрізді қағидаларына мән берілген. «QASHGARI» атты Ұлжан Нұманқызының жеке топтамасы халықтың көркемдік дүниетанымын символдық түрде зерделеп тігілген. Топтамада «дірілдеген өрнектері» бар, зергерлік бұйымдар мен тұмарлардың пішініне еліктейтін өрнекті икат матасы қолданылған.
Түркия, Akdeniz youtn 18. International festival және Нигде қаласындағы KOKUMUZ BIR TURKUZ festival, Ресей, Санкт-петербург жас дизайнерлер конкурсы «Поколение Next», Қалалық «КазНПУ - Fashion days», Нұрсұлтан қаласында өткен «Өнертапқыш-Шапағат» конкурсы, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясы «Сән және костюм дизайны» конкурсы, «Нео-фольклор» киімдер дизайнерлері, Республикалық «Асар» номинациясы байқауының алтын медаль иегері Бегешова Ұлжан Нұғманқызының еңбектерін көрермен ерекше ілтипатпен тамашалап, қошемет көрсетті.
Сән көрсетілімі университетіміздің талантты студенттері шырқаған әсем әуендермен әрленіп, сән әлемін сүйетін көрермен қауымды бір сәтке тарих қойнауына сіңдіріп, өткені мен бүгінін ұштастырған танымдық, шығармашылық шабыт сыйлайтын патриоттық сезімге бөледі. Сән көрсетілімінің соңында авторға және Ректор Гүлмира Қанайға Еуразия дизайнерлер одағының атынан төс белгі тағылып, дизайн өнеріне қосқан үлестері мен қолдауына алғыс білдірілді.
Бөлісу: