«Айгүл» ансамблі қайта жаңғырды



    • «Айгүл» ансамблі қайта жаңғырды

      Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде дүйім жұртқа аты белгілі, атақты «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблінің қайта жаңғыру кеші болып өтті.

      Елге халық әндерімен, қазақ композиторларының ел санасында жатталған әуендерін орындауымен ерекшеленген ансамбль 1968 жылы 8-наурызда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының жанынан ашылған болатын.

      Бүгінде алдыңғы буын салған сара жолды жалғап, Университетімізде «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблі биылдан бастап дәстүрлі түрде құрылып, құрамы қайта жаңартылып, репертуары жаңа әндермен толықтырылды.

       Аталмыш кешке ансамбльдің алғашқы мүшелері профессор, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері Исағұлова Ағайша Шермұханбетқызы, профессор, ҚР бойынша дауыс қою өнерінің шебері Қарамолдаева Галина Жұмабековна, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қыздар институтында тәрбие жөніндегі проректор қызметін атқарған Бегалиева Гульнар Кунтубаевна, ҚР белгілі дирижері, «ҚР Оқу үздігі» медалінің иегері, хоровик-Жунісова Марфуға Оразовна қонаққа келді.

                                                                                 

      Өнер қайраткерлерін сахна төріне шығарған Басқарма Төрағасы–Ректор Гүлмира Әмірханқызы «Айгүл» ансамблінің тарихына тоқталып, оның университет абыройын көтеруге, қазақ эстрада өнеріне қосқан үлесін айрықша атап өтіп, ансамбль мүшелерімен жақынырақ таныстырды.

                                                                                 

      Қонақтар «Айгүл» ансамблінің алғаш құрылған кездегі әдемі естеліктерімен бөлісіп, халықтың сүйікті әндері «Дударай» мен «Ақмаңдайлымды» жанды дауыста орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Студенттерге аналық, ұстаздық ақылын айтып, жас өнерпаздарға ақ жол тіледі. Кеш соңы «Айгүл» ансамблінің жаңа құрамының орындауындағы концерттік бағдарламамен аяқталды.

      Ұлттық сарынды сақтай отырып, заманға лайық дүние жасау – бүгінгі «айгүлдіктердің» басты мақсаты деп білеміз. Әсем әуен, сахнадағы нәзіктігімен танылған «Айгүл» ансамблі жастарды өнерге, жан-жақтылыққа, сұлулыққа, музыканы сүюге тәрбиелейтіні сөзсіз. Сол себепті, жаңа құрамға сәттілік тілеп, ақ жол дейміз!

                                                                                 

      Ансамбль тарихына қысқаша тоқталсақ, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының жанынан құрылған вокалды-аспаптық халық ансамблі. 1968 жылы вокалды-аспаптық квартет түрінде құрылған. Репертуарынан қазақтың халық әндері, басқа ұлттардың ән-билері орын алды. 1975 ж. «Айгүлге» халық ансамблі құрметті атағы берілді. «Айгүл» гастрольдік сапармен бұрынғы одақтас республикаларды, шет елдерді Полшаны (1970), Югославияны (1973), Моңғолияны (1977), Германияны (1978), Францияны (1972) және Жапонияны (1976) аралады. "Айгүл" Лейпциг қаласында өткен Халықаралық жәрмеңкеге (1979), 22-Олимпиада ойындарының (1980, Мәскеу қ.) мәдени бағдарламасына, Конго халық республикасында өткен Қазақстан күндеріне (1982) қатысты. Қазақстан Комсомол сыйлығының лауреаты (1978). Ансамбльдердің көркемдік жетекшілік -әр жылдары М.Балтабаев, Ж.Тұяқбаевтар (1978 жылдары бастап) болды.

                                                                                

                                                                                 

                                                                                

                                                                                 

      Бөлісу: