«Туған ел» атты Х қалалық патриоттық әндерді орындаушылар байқауы болып өтті



    • «Туған ел» атты Х қалалық патриоттық әндерді орындаушылар байқауы болып өтті

      Бүгін университетімізде белгілі музыкатанушы, композитор, профессор Өмірбек Байділдаевтың туғанына 90 жыл толуына байланысты «Туған ел» атты Х қалалық патриоттық әндерді орындаушылар байқауы болып өтті.

      Еліміздің музыка мәдениетінде өзіне тән қолтаңбасымен дараланған тұлғалы композитор, білімді ұстаз, зерделі музыка зерттеушісі, профессор Өмірбек Байділдаевтың шығармашылық жолы елімізге аян. Музыка мәдениетінің тарихы мен теориясын қалыптастыра отырып, ән жанрында жемісті еңбек еткен қайраткердің атындағы ән байқауына Алматы қаласының оқу орындарынан, атап айтсақ, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінен, Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінен, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан, П.И.Чайковский атындағы Алматы Музыкалық колледжінен және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен талантты  да  жас  өнерпаздар қатысты.

      Орындаушылар байқау  шарты  бойынша екі  музыкалық номері  жанды  дауыста  аспаптардың  сүйемелдеуімен  орындады. Екі  әннің  біреуі  міндетті  түрде  Ө.Байділдаев  шығармасынан алынды.

      Аталмыш кешке  композитордың отбасы да  қонаққа  шақырылып, байқаудың әділқазылар алқасын Өмірбек Байділдаевтың ұлы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Байділдаев  Бауыржан Өмірбекұлы төрағалық етті.  Сонымен  қатар әділқазылар алқасының  құрамында Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жастар театрының дарынды актрисасы Динара  Нұрболат, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық концерваториясының оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі Қадырбаева  Қаламқас Махмұтбекқызы да  бар.   

       Байділдаев әндерін кеңінен насихаттау, талантты жастарымыздың жолын ашу негізінде ұйымдастырылған ауқымды шараның  қорытындысы  бойынша  бас  жүлдені П.И.Чайковский атындағы Алматы Музыкалық колледжінің ансамбльі, І орынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің  студенті Құтбан Әсел Бақытқызы, ІІ орынды Т.Жүргенов атындағы  Қазақ ұлттық академиялық өнер колледжінің  студенті  Ерсерікқызы  Диана, ІІІ орын Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің  студенті  Толқын Анель мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің  студенті Мардана  Жұмагелдіге  бұйырды.

      Жеңімпаздар ақшалай  сыйлықпен, арнайы дипломдармен  марапатталды.

      Жеңімпаздарымызды және  байқауға  қатысқан барша қатысушыларды шын жүректен құттықтаймыз! Өнер жолында  қанаттарың  талмасын деген тілек  білдіреміз!

      Бөлісу: