Астана қаласында жастарды әлеуметтендіру форумы өтті
-
13 ақпан, 2023
9-10 ақпан Еуразия ұлттық университетінде жоғарғы оқу орындары проректорларымен, психологтары, министрлік өкілдері мен студенттердің қатысуымен жастарды әлеуметтендіруге арналған форум өтті. Шара жоғары білім мен ғылымның өзекті мәселелеріне арналған.
Форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарының негізгі мәселелеріне тоқталды. Ол ең алдымен университеттердің инфрақұрылымы, білімнің қолжетімділігі, инклюзивті білім беру, жоғары білімді интернационалдандыру, цифрландыру мәселелеріне тоқталды.
Министрдің айтуынша, министрліктің негізгі бағыттарының бірі – жоғары білімге қолжетімділікті сақтау.
Негізгі мәселелерге тоқталған ол қай жерде, қай университеттерде білім алушылар санының өсіп жатқанын жария етті. «Бұл демографиялық өсімнің қарқынды өзгеруіне байланысты. 2025 жылға қарай студенттер саны 626 мыңнан 800 мыңға дейін өседі. 2030 жылы олардың саны 1 миллионнан асады.2030 жылы шәкіртақы көлемі 100 пайызға артса, еліміздегі демографиялық өсімге байланысты қосымша қолдау тетіктерін қарастыру жоспарлануда. Мемлекет басшысы 2 пайызбен несиелендіруді енгізуді тапсырды», – деді ведомство басшысы.
Аталмыш форумда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің өкілдері де арнайы сөз алып, «Тұлғаны қалыптастыру» департаментінің құрылғанын жариялады. «Тұлғаны қалыптастыру» департаментінде «Психикалық денсаулық орталығы» жұмыс істейді, ол өз кезегінде студенттермен жұмыс жасай отырып, жаңа идеяларды қалыптастырады және студенттердің өнімділігі мен тиімділігін арттыру мүмкіндіктерін байқайды. Орталық жауапкершілік принциптеріне жаңа көзқараспен қарай отырып, команда құрамын психотерапевт, жаттықтырушы психологтар, диетолог, теолог мамандарымен қамтамасыз етіп отыр.
Тұлғаны қалыптастыру департаментінің тәжірибесі жоғары оқу орындары өкілдерінің үлкен қызығушылығын тудыруда. Осыған байланысты әріптестерімізді ынтымақтастық орнатуға шақырамыз және тәжірибемізбен бөлісуге әрқашан қуаныштымыз.
Бөлісу: