Университет Мұқағали Мақатаевтың туған күнін атап өтті



    • Университет Мұқағали Мақатаевтың туған күнін атап өтті

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 9 ақпан Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ақын шығармашылығына арналған бірқатар танымдық кештер өткізді.

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 9 ақпан Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ақын шығармашылығына арналған бірқатар танымдық кештер өткізді.

      Университетімізде он күн бойы Мұқағали апталығы өтіп, бүгін апталықтың қорытынды кеші өтті. Қазақ әдебиеті кафедрасы «Есіңе мені алғайсың!», Қазақ тіл білімі мен оқыту әдістемесі кафедрасы «Мұқағали – мәңгілік жыр», атты танымдық сазды кештер ұйымдастырды. Кешке ақынның шығармашылығымен жіте таныс әдебиетсүйер қауым мен ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақытгүл Мақатаева арнайы келіп, студенттеріміздің өнерін тамашалады.

      Ән мен жырдан өрілген кеште студенттеріміз Мұқағали өлеңдерін жатқа оқып, ақынға арналған жүректен шыққан жырларын да жолдады. Ақынның жыр-шумақтарына жазылған әндерді көрермен бірге қосыла шырқады. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан, Мұқағали өміріне, ақын образына арналған театрланған қойылымдар ақын шығармашылығын терең түйсінуге мүмкіндік берді.

      Кеш соңында арнайы шақырылған қонақтар өздерінің Мұқағали туралы естеліктерімен бөлісіп, ақын өлеңдерінен шумақтар оқыды. Ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен Мұқағали Мақатаев атындағы қордың төрайымы, Мұқағали келіні Бақытгүл Мақатаева университет басшылығы мен студент жастарға ақжарма тілектері мен алғыстарын білдірді.

      Қонақтардың иығына шапан жабылып, сый-сияпат тарту етіліп, ерекше құрмет көрсетілді.

      Мұқағали Мақатаевтың туған күнін жыл сайын еліміздің түкпір-түкірінде тойлау – үлкен үрдіске айналған іс. Сол үрдісті жалғастырып, біздің университет те биылғы ақын шығармашылығына арналған, Мұқағалиды еске алу кештерін жоғары деңгейде атап өтті.

      Бөлісу: