«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауы өтеді



    • «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауы өтеді

      «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын тағайындау қағидасына сәйкес Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушылары арасында байқаудың алғашқы кезеңі өтеді.

      Қараша айының 1-20 күндері аралығында өтетін жалпыуниверситеттік конкурсқа оқу орнының штатындағы және кемінде бес жыл үзіліссіз ғылыми-педагогикалық өтілі бар оқытушылар қатыса алады. Алғашқы кезеңде үздік деп танылғандар республикалық байқауға қатысуға жолдама беріледі.

      – Конкурстың екінші, яғни республикалық кезеңі желтоқсан айында өткізіліп, онда байқау жеңімпаздары анықталады. Сайыс қорытындысы бойынша атақ иегеріне арнайы куәлік пен 2 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі мемлекеттік грант тағайындалады, – деп атап өтті Қыздар университетінің Ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры Нұрғали Аршабеков.

      Атап өтетін жайт, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жоғары оқу орнының оқытушыларын қолдау, біліктіліктерін арттыру және кәсіби тұрғыдан өсулері үшін қолайлы мүмкіндіктер туғызу мақсатында арнайы конкурс ұйымдастырып, грант тағайындау идеясын ұсынған болатын.

      Бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бұл байқау оқытушылардың педагогикалық және ғылыми әлеуетiн iске асыруына зор ықпал еттi.

      Байқаудың міндеті – отандық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының кәсіби-педагогикалық мәдениетін, оқу-әдістемелік және тәрбиелік деңгейін көтеру. Сонымен қатар өзіндік кәсіби жетілудің жағымды жағдайын жасау арқылы ұстаздардың ғылыми мәртебелік белсенділігін арттыру, оқытушылардың болашақтағы кәсіби даму мотивациясын жоғарылату да конкурс мақсаттарының бірі.

      Байқауға қатысу үшін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы өз құжаттарын мына қағидаларға сәйкес ұсынады.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Бөлісу: