Профессор ғалым Рысбек Баймаханұлының 70 жасына арналған халықаралық конференция



    • Профессор ғалым Рысбек Баймаханұлының 70 жасына арналған халықаралық конференция

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының ұйымдастыруымен «ГЕОМЕХАНИКАНЫҢ ЖӘНЕ КОМПЬЮТЕРЛІК—МАТЕМАТИКАЛЫҚ МОДЕЛЬДЕУДІ ОҚЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты техника ғылымдарының докторы, профессор Баймахан Рысбек Баймаханұлының 70 жасқа толуына орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

      Конференция мақсаты: Тау жыныстары массивінің өзекті мәселелерін саралау, білім беру саласындағы компьютерлік-математикалық модельдеуді оқытудың негізгі бағыттары мен мәселелерін талқылау, сонымен қатар, білім беру жүйесіндегі тәжірибе мен әдістемелермен бөлісу және асқаралы 70 еңсеріп, үлкен бедел мен сый-құрметке ие болып отырған Рысбек Баймаханұлының білімі мен ғылымын жастарға өнеге ету.

      Конференцияның салтанатты бөлігін Университетіміздің Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Закир Даниярұлы ашып, профессор Рысбек Баймаханұлына Басқарма Төрағасы Ректордың құттықтау хатын оқып, Университет ұжымы атынан алғыс білдіріп, естелік сыйлықтарын табыстады. Сонымен қатар, Университет кәсіподақ ұйымының төсбелгісімен марапатталды.

      Р.Б.Баймахан Университетіміздің Физика кафедрасының профессоры және осында өзі құрған ғылыми инновациялық Орталықтың директоры болып қызмет етеді. Профессор 9 ғылым кандидаты мен 1 ғылым докторының диссертацияларына ғылыми жетекшілік етті.

      Ғалымның 100-ге тарта ғылыми-көпшілік, танымдық, әдістемелік мақалаларынан басқа 19 оқу құралы, 4 авторлық куәлік авторы 10 ғылыми монография және ұстаздары, шәкірттерімен бірге 450 ғылыми еңбектерін, Scopus базасында – 9 мақала және Web of Science базасында – 2 мақаласы жарияланып, Хирша Индексі – 6 жетті. Олардың үштен бірі таяу және алыс шетелдерде жарияланған. Нағыз еңбекқор ғалымның еңбектері осылай жан-жақты болса керек.

      Жоғары білікті ғалым мамандар дайындауда тек университет көлемінде қалып қоймай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Азаматтық Авиация академиясы, Ішкі істер министрлігінің академиясы, Ақтөбе университеті түлектерін дайындап, халықаралық келісімшарттар негізінде Қырғызстан мен Монғолияның ғылым жолындағы жастарына да жетекшілік етуде.

      Геомеханика және геотехникадан дүниежүзілік қоғамы ISSMGE–нің геомеханикадағы сандық әдістер бойынша комитетінің мүшесі болып табылатын профессор Малайзия, Сингапур, Канада, Шанхай, Жапония тағы басқа елдерде өткен Комитеттің халықаралық мәжілістеріне қатынасып қана қоймай ұсыныстарын білдіріп сөз сөйлеп, әлемнің көптеген елдеріндегі геомеханика мен геотехникадан өткен конференция, симпозиум, конгресс мінберлерінде проблемалық баяндамалар жасады.

      Халықаралық дәрежеде танымал болған осындай еңбектері үшін теориялық және қолданбалы механикадан Қазақстан Республикасының ұлттық комитетінің академик Ж.С.Ержанов атындағы халықаралық алтын медалімен марапатталған.

      Бөлісу: