Жазушы, драматург Дулат Исабековпен кездесу кеші өтті



    • Жазушы, драматург Дулат Исабековпен кездесу кеші өтті

      Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы-драматург Дулат Исабековпен кездесу өтті. Әдеби кешке Басқарма мүшелері мен студенттер, профессор-оқытушы құрам және БАҚ өкілдері қатысты.

       

      Филология институты, Орыс тілі кафедрасының ұйымдастыруымен өткен «Өмірден өнер жасаған» атты Дулат Исабековтің 80 жылдығына арналған әдеби кешті университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Закир Жұмақұлов ашып, қаламгерге университет ұжымы атынан сый- сияпаттар табыстады.

       

      Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Ләззәт Махева БасқармаТөрағасы Ректор– Гүлмира Қанайдың құттықтау хатын оқып берді.

      • Құрметті Дулат Исабекұлы!

      «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті» КеАҚ ұжымының және Өзімнің атымнан сізді 80 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!

      Сізді еліңіз қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан қаламы қарымды қаламгер ретінде құрметтеп, қадірлейді. Сіз дүниеге әкелген туындылар еліміздің  ұлттық -мәдени мұрасына өлшеусіз үлес қосты. Өмірдің шынайы келбетін суреттей білген шығармаларыңыз және сол шығармалар негізінде түсірілген көркем фильмдер талғамы жоғары көрерменнің көзайымына айналды.Бір ғана «Гауһартас» фильміндегі Салтанат образы арқылы қаншама қазақтың қаракөз қыздарының бойына нәзіктік пен батылдықты, мейірім мен махабатты дарыта білдіңіз.Қазақ қызының тағдырын бейнелеген туындының көтерген мәселесі бүгінгі таңда да өзекті.

      Қазақ драматургиясының өркендеуіне сіңірген еңбегіңіз зор. Заман тынысын суреттей білген пьесаларыңыз еліміз бен әлем театрларының сахналарында қойылып, мәртебемізді асқақтатып жүр. Өнегеге толы өмір жолыңызбен келешек ұрпаққа үлгі болып, ойға алған мақсаттарыңыз бен игі істеріңіз оңынан шешіліп, сәтті жүзеге аса берсін деп тілейміз.

      Біз Сізді қазақ жұртының болмыс -бітімін қаймағын бұзбай келешек ұрпаққа жеткізуші, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде танытуға зор үлес қосқан көрнекті жазушы, дарабоз драматург, ақылын тыңдап, батасын алар аға  буын ретінде мақтан тұтамыз!

      Әрдайым өзіңізді құрметтеген қауымның ортасында мерейіңіз үстем болып, абыройыңыз асқақтап жүре беріңіз! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз! – делінген құттықтау хатта.

       

      Дулат Исабекұлын сахна төріне шығарған әдебиет сүйер қауым қаламгердің өмірі мен шығармашылығының қыр-сыры туралы жазушының өз аузынан естіп, жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

       

      Танымдық кештің иесі тек әдебиет әлемі жайлы ғана емес, ұлт тағдыры, ел тыныштығы, жастар тәрбиесі жайында да тереңірек сөз қозғап, жастарға аталық ақ батасын берді.

       

      Әдеби жиын мерейтой иесінің «Әпке» пьесасынан үзінді қойған студенттердің тетарланған қойылымымен әрленіп, «Гауһартас» әнімен әсерленді.

       

      Бөлісу: