Шәмша Беркімбаева 80: "Елім деп соққан жүрегі"
-
12 қазан, 2022
Баспасөз қызметі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде академик, халық ағарту ісінің озаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Беркімбаева Шәмша Көпбайқызының 80 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Шәмша Көпбайқызының 80 жылдық мерейтойын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ бірлесе ұйымдастырды.
Іс-шара Қыздар университетіне қарасты Студенттер үйіне Беркімбаева Шәмша Көпбайқызының атын беруі салтанатты жиынымен басталды. Ашылу салтанатына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуаныш Сұлтанов, Қазақстанның мемлекет қайраткері, педагог, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрайымы Күләш Шәмшидинова, ҚР Еңбек Ері, КСР халық ағарту ісінің үздігі Аягүл Миразова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері Жауымбай Қараев, Университеттің Басқарма Төрайымы– Ректор Гүлмира Қанай және Шәмша Көпбайқызының туыстары мен замандас, қызметтес достары, шәкірттері, ұстаздар мен студенттер қатысты.
Студенттер үйіне қайраткердің есімінің берілуі де бекер емес. Шәмша Беркімбаева Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ректор болып қызмет атқарған жылдары ауылдан келген қазақ қыздарына қаладағы пәтерлерден кем емес, жайлы орын болсын деп А.Шәріпов көшесінен Студенттер үйінің салынуына мұрындық болған.
–Бүгін біз үшін айтулы күн. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Көпбайқызының 80 жылдығын университетіміздің қабырғасында, өзі ұшқан ұясында атап отырмыз. Бұл есім қазақ қыздарының қара шаңырағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен тікелей байланысты.Бүгінде 80 жылдық тарихы бар оқу орнымыздың мыңдаған түлектері еліміздің көптеген мектептерінде еңбек етіп жатыр. Университетіміздің түлегі, қазақ руханиятының жанашыры ретінде Шәмша Көпбайқызы қандай қызметте болмасын, туған ана тіліне деген қамқорлығын тоқтатқан емес. Сонымен қатар біздің университетімізге сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр. Осы бір ғимартаттың іргетатасынан бастап соңғы қабатының қалануына дейін құрылыстың басы-қасында болып, студенттер үйінің бой көтеруіне аянбай еңбек еткен. Бұл да оқу ордамызға деген махаббатының белгісі деп білеміз. Әрқайсыларыңыз осы студенттер үйіне кірген сайын Шәмша Көпбайқызының есімін еске сақтап жүрсін деп, бүгін осы ғимартқа ұстаздың есімін беріп отырмыз. –деп атап өтті Басқарма Төрайымы –Ректор Гүлмира Әмірқанқызы.
Игілікті істің бастамшысы болған университет басшылығына ризашылығын білдірген зиялы қауым студент қыздарымыздың болашағына да мол сеніммен қарайтындықтарын білдіріп, ақыл-кеңестерін айтып, тілектерін білдірді.
.«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрайымы Күләш Шәмшидинова:
–.Шәмша Көпбайқызы мемлекет қайраткері, мектептегі ұстаздықтан бастап, Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігіне дейін көтерілген, мектепті ішінен білетін, жанымен түсінетін азамат болды. Министрлікте отырған кездегі ең үлкен атқарған қызметі – «Ауыл мектебі» еді. Әлі де ауыл мектептері, қазақ мектептері салынып келеді.Студенттер үйіне, жастар үйіне «қазақ қызының» атының берілуі – бұл да біздің тәуелсіздігіміздің бір белгісі болып табылады. Біздің ең үлкен міндетіміз – елдің , халықтың алдында, болашақ ұрпақтың алдында тәуелсіздігімізді мәңгілік сақтап қалу жолында ұстаздардың атқаратын орны өте жоғары. Ол кісінің «Мен қазақтың қызымын» деген кітабы бар. Шынында да нағыз қазақтың қызы. Сіздер де қазақтың қызы болыңыздар. Ұстаз деген атаққа ие болыңыздар! Бәріміздің есімізде Шәмша Көпбайқызының есімі мәңгі қалатынына сенімдімін.– деп ақжарма тілегін білдірді
Ары қарай оқу ордасының АКТ залында «Қазақ мектебі – ұлт тірегі» атты кітаптың тұсауы кесіліп, мерекелік кеш «Елім деп соққан жүрегі» атты концерттік бағдарламамен жалғасты.
Беркімбаева Шәмша Көпбайқызының білім саласына, оның ішінде қазақ тілі мен мәдениетіне, келешек ұрпақ үшін сіңірген еңбегі орасан зор. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, білікті көшбасшы, парасатты ұстаз Шәмша Көпбайқызының ұстаздық келбеті мен адамгершілік қасиеті, жарқын бейнесі мен болмысы баршаға үлгі болып, жадымызда мәңгі сақтала бермек!
Коммуникация және маркетинг департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: