Қыздар университетінің студенттері шетелде білім алмақ
-
26 қыркүйек, 2022
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 3 курс студенттері Түркия және Польша елдеріне сыртқы академиялық ұтқырлық және қос диплом бағдарламасы бойынша білім алуға аттанбақ. Білімдерін шетелдік тәжірибемен ұштастыруға бет алған қыздарымызға университет басшылығы ақыл-кеңестерін айтып, ақ жол тіледі.
Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университеті 60-тан астам шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастық орнатып, дамытып келеді. Келісімдер студенттер мен оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлық, қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша студенттерді оқыту, жетекші ғалымдардың қонақ дәрістерін, сонымен қатар шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы бойынша PhD докторанттары мен магистранттарын шақыру, бірлескен ғылыми зерттеулерді жүргізу, докторанттар үшін ғылыми тағылымдамалар мәселелерін қарастырады
Осы орайда 2022-2023 оқу жылында да көптеген студенттеріміз шетелдік білім беру бағдарламасымен оқуға аттанды. 21 студенттен құралған лектің 8 студенті Түркия елінің Нийде Өмер Халисдемир Университетіне, ал 6 студент осы елдің –Маийс қаласындағы Ондокуз Университетінде академиялық ұтқырлық бойынша тәжірибе алмаспақ.
Қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша 6 студент, академиялық ұтқырлық бойынша 1 студентіміз Полша еліне, Катовицедағы Силез Университетінде білім алмақ. Қыркүйек айының аяғынан ақпан айының соңына дейін студенттеріміз 1 семестр бойы шетелдік білім ордаларында тәжірибе жинап,өз мамандығын өзге елде тереңірек дамытып оқу арқылы жетілдірмек.
Академиялық ұтқырлықтың басты мақсаты - халықаралық стандарттарға сәйкес қазақстандық жоғары білімнің сапасын қамтамасыз ету, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Ұтқырлық бағдарламаларына қатысу студенттерге бірқатар перспективалық мүмкіндіктер мен артықшылықтар береді:
- ғылыми және білім беру саласында баға жетпес халықаралық тәжірибе алуға;
- кәсіби білім мен практикалық дағдыларды кеңейту;
- пайдалы тілдік тәжірибеден өту;
- халықаралық мәдениаралық топта сабақ беру және қарым-қатынас жасау тәжірибесін алу.
Қос дипломды білім беру - бұл екі (немесе одан да көп) университетте бірлескен білім беру бағдарламасы бойынша сәйкес оқу орындарының дипломдарын алғаннан кейін қатарлас білім алу мүмкіндігі. Қазақстандық жоғары білімнің халықаралық білім кеңістігіне интеграциялануының басым бағыттарының бірі сөзсіз қос дипломды білім беру болып табылады.
Қосдипломды білім беру бағдарламасының артықшылықтары:
- халықаралық тәжірибе;
- бітіргеннен кейінгі жұмыс перспективалары;
- серіктес университеттердің жетекші оқытушыларының прогрессивті білімдерін игеру;
- ҚазҰлтҚызПУ + серіктес университеттен 2 диплом алу.
Коммуникация және маркетинг департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: