Беркімбаева Шәмша Көпбайқызының туғанына 80 жыл
-
10 қазан, 2022
Бүгін академик, халық ағарту ісінің озаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Беркімбаева Шәмша Көпбайқызының 80 жас мерейтойы аталып өтуде.
Беркімбаева Шәмша Көпбайқызы 1942 жылғы 10 қазанда Алматы облысының Қаскелең ауданында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін, 1984 жылы СОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірді. Еңбек жолын 1966 жылы Алматы облысындағы Киров атындағы сегіз жылдық мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдігінен бастаған.
1987-1989 жылдары Алматы қаласындағы №12 орта мектебінің директоры, 1989-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары, 1997-1999 жылдары Қырғыз Республикасындағы Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық Оқу басқармасының басшысы лауазымдарында жұмыс істеді.
Шәмша Беркімбаева Парламент Сенатының депутаты ретінде жоғары заң шығарушы орган жұмысын мемлекеттік тілде жүргізуге көшудің бірден-бір бастамашысы болды.
2002-2003 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі қызметін «Ауыл мектебі» бағдарламасын жүзеге асырудан бастады. «Ауыл мектебі» бағдарламасы тұңғыш рет үкімет деңгейінде қабылданып, сол мерзімде ауылда 226 мектеп салынды, жүздеген мектептер күрделі жөндеуден өткізіліп, химия, физика кабинеттері қайта жабдықталды.
Шәмша Беркімбаева 2003-2011 жылдары аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарды. Ол басқарған жылдары біздің оқу орнымыз бір сатыға көтеріліп, университет мәртебесін алды. Оқу процесіне жетекшілік етумен қатар, əкімшілік-шаруашылық жұмыстарының, тəлім-тəрбие істерінің жаңаша жаңғыруына атсалысты. Сол кезде де ауыл мектебінен келген жастарды университетке көбірек тартты.
Ел дамуы жолындағы қажырлы қызметі үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Үздік қызметі үшін», Ы. Алтынсарин атындағы және А. Байтұрсынов атындағы медальдарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Шәмша Көпбайқызы– Халықаралық педагогикалық Білім академиясының академигі, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгілерінің иегері.
2022 жылдың 7 сәуірінде Шәмша Көпбайқызы өмірден өтті. Халқымыздың біртуар перзенті, ақын Фариза Оңғарсынова Шәмша Көпбайқызы жайлы «Қыз-ғұмыр шынарым-ай, Халқымның шырағындай», – деп жазған болатын. Расында да, Шəмша Көпбайқызы – болмысы бөлек, бітімі ерек, дара мінезді, жүрегі қазақ деп соққан ұлтымыздың санаулы қыздарының бірі де бірегейі болды. Қазақстан ғылымы мен білімінде ерекше орны бар дара тұлғалардың бірі болған Шәмша Көпбайқызының есімі жадымызда мәңгі сақталады!
Бөлісу: