ІХ Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы өтіп жатыр
-
09 маусым, 2022
АЛМАТЫ. 9 МАУСЫМ. БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ – Түркия қаласы, Нийде Өмер Халисдемир университетінде ағымдағы жылдың 7-10 маусым аралығында ІХ Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы өтіп жатыр. Симпозиум – Нийде Өмер Халисдемир университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және Баку Еуразия университеттері ұйымдастырып отырған ауқымды шара.
Симпозиумның басты мақсаты – Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайту. Тіл, әдебиет, тарих, білім, мәдениет, өнер, коммуникация, халықаралық қатынастар, аймақтық мәселелер, бизнес, экономика, дін, философия, әлеуметтану, туризм және халықаралық зерттеулер сияқты салалардағы өзекті академиялық мәселелерді талқылау.
Аталмыш шараға біздің елдің атынан, университетіміздің бір топ делегат қатысты. Делагацияның құрамында Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Джумакулов Закир Даниярұлы, Ғылым бөлімінің жетекші маманы Әлия Чанчарова, Ғылым және Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің басшысы Мөлдір Рашидқызы Әбдірайымова және «Хореография және Арт – менеджмент кафедрасының оқытушылары мен «Томирис» би ансаблі бар.
Сонымен қатар, Қазақстан тарапынан Қарағанды, Ақтау, Атырау, Семей, Алматы қалаларының белді жоғары оқу орнынан және Түркияның бірнеше университетінің өкілдері қатысты.
7 маусым Халықаралық жиынның ашылуында ұйымдастырушы университеттің басшыларының алғыс сөздері жолданып, Нийде Өмер Халисдемир университетінің профессоры, ұйымдастыру комитетінің төрағасы Хикмет Кораштың баяндамасы тыңдалды.
– Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алған уақыттан бастап түріктану ілімінің дамуына ерекше мән беріп, сүбелі үлес қосып келеді. Сол бір тарихи күннен бері түрік бауырларымыз еліміздің әрбір оң ісін қолдауда. Білім және ғылым саласында да Түркия Республикасы Қазақстанмен өзара халықаралық ынтымақтастықта әрекет етіп келеді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Niğde Ömer Halisdemir Universitesy арасындағы өзара ынтымақтастық 2012 жылдан бастау алады. Атап айтар болсақ, академиялық ұтқырлық бойынша жыл сайын өзара алмасу арқылы, бүгінгі күнде Niğde Ömer Halisdemir Universitesy 81 білім алушыларымызды, ал Қыздар университеті 21 студент, 2 докторант, 1 магистрантты қабылдады. Соңғы 5 жылда 30-ға жуық PhD докторанттарымыз және 70-ке жуық магистранттарымыз ғылыми тағылымдамадан өтті. Niğde Ömer Halisdemir Universitesy-нің профессорлары Қыздар университетінің білім алушылары мен профессор оқытушылар құрамына дәріс өтіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп келеді. Халықаралық байланысымыздың әрі қарай да өркендеп дами түсуіне тілектес екенімді білдіре отырып, симпозиум жұмысына сәттілік тілеймін!
– деді симпозиумның ашылуында сөз сөйлеген Университетіміздің Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Джумакулов Закир Даниярұлы. Баяндамасын аяқтай келе, Басқарма Төрағасы – Ректор Гүлмира Қанайдың құттықтауын жеткізіп, туысқан елдер бірі-біріне елден әкелген сый - сияпаттарын тарту етті.
Симпозиум аясында «Түбі бір түрікпіз» фестивалінде университеттіміздің «Хореография және Арт – менеджмент кафедрасының оқытушылары мен «Томирис» би ансаблі өз өнерлерін көрсетіп, «Томирис» қойылымын қойды.
8-9 маусым арнайы секциялық отырыстарға ұласты. Отырыс жиынында тіл, әдебиет, тарих, білім, мәдениет, өнер, аймақтық мәселелер, халықаралық қатынастар, бизнес, экономика және басқа да тақырыптар талданып, жұмыстар жүргізілді.
2014 жылы Нийде университетінде алғаш ұйымдастырылған симпозиум 2015 және 2018 жылдары Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жалғасын тапқан болатын.
Келесі жылғы Х Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумын да Қазақстанда, яғни Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұйымдаструымен кең ауқымда өткізу жоспарланып отыр.
Төменде ІХ Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумынан фоторепортажды ұсынамыз.
МЕДИА
Департамент маркетинга и коммуникаций
Коммуникация және маркетинг департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: