QyzPU- да «Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні» аталып өтті
-
13 сәуір, 2022
АЛМАТЫ. 13 СӘУІР. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – QyzPU –дың «Ақ қауырсын» әдебиет жанашырлар клубының ұйымдастыруымен 15-сәуір ғашықтар күні қарсаңында «Махаббат - мәңгі ертегі» атты меркелік іс-шара болып өтті.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанын білмейтін қазақ кем де кем шығар. Әлкей Марғұлан «Мәңгілік жыр» деп атаған бұл жыр – қазақ халқының мақтан тұтар мәдени мұрасы.
Ешбір құжатпен белгіленбеген, ешбір тарихи оқиғаға да негізделмеген аталмыш мерекені көбіне университет, мектеп, колледж сияқты білім шаңырақтары атап өтеді. Елімізде бұрын ғашықтар күнін көпшілік 14 ақпандағы «Әулие Валентин» күнімен байланыстырса, соңғы жылдары ғашықтар мерекесін «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» күнінде тойлау кең өріс алуда.
Біздің университет те айтулы мереке қарсаңында қос ғашықтың махаббатын ту етіп, «Махаббат - мәңгі ертегі» атты меркелік шара ұйымдастырды.
Мәдени кеш студенттермен жұмыс бөлімінің қызметкері Дария Кеңесжанқызының күй сандықта орындаған әсем әуенімен ашылып, мың бұралған бишілердің махаббат вальсімен ұштасты. Студенттердің поэзияға құралған сахналық қойылымы әр жүректің қылын тербеп, бір сәтке ерте заманғы қазақ ғашықтарының бейнесіне еніп, қазіргі қазақ қоғамындағы махаббаттың кейпін сипаттап, сезімнің сазды әуенінде бірге қалықтады.
Махаббат кешіне Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубының жігіттері және жас әнші Дәулет Серік те келіп, іс-шараның мазмұнды өтуіне ат салысты.
Мәдени-шара – жастардың ұлы сезімдердің бірі – махаббаттың бағасын түйсінуге, поэзияның құдіретін сезінуге, бойындағы дарын-талантын шыңдауға септігін тигізген кеш болды.
Бөлісу: