Биылғы түлектерге бос жұмыс орындары ұсынылды
-
13 мамыр, 2020
АЛМАТЫ. 13 мамыр. Баспасөз қызметі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің биылғы түлектерін өз мамандығына сай жұмысқа орналастыру мақсатында «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті.
Оқу орнының Instagram желісіндегі ресми парақшасында ұйымдастырылған шараға 800-ден астам студент пен Алматы және Ақтөбе облыстарының 32 ауданындағы білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Онлайн жәрмеңкені Қыздар университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Қымбат Балажанова жүргізіп отырды. Сондай-ақ шарада оқу орнының Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Еркін Жұманқұлова сөз сөйлеп, жәрмеңке педагогикалық мамандықтар бойынша білім алған түлектерді жұмыспен қамтудың бірден-бір басты тетігі екендігін айтты.
– Дәстүрлі шара отандық педагогикалық жоғары оқу орындарының бірыңғай қазақстандық білім беру кеңістігін қалыптастыру, жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша ортақ диалог алаңын құру, оларға жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат беру және түлектерді тұрақты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы екендігін атап өтті. Осы орайда педагогикалық мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жастар арасында жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешудің механизмі болып отыр, бүгінде, – деді Еркін Жұманқұлова.
Жәрмеңкеде Алматы және Ақтөбе облыстарының білім беру мекемелерінде бос жұмыс орындарының тізімі жарияланып, осы бағытта толыққанды ақпарат берілді. Мәселен, Ақтөбе облысына 251 пән мұғалімі қажет болса, Алматы облысындағы білім беру ұйымдарында 1196 педагог пен тәрбиеші керек екен.
Шара барысында Алматы облысы Іле, Жамбыл, Панфилов аудандарының білім бөлімдерінің мамандары тікелей байланысқа шығып, студенттер сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берді.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған жәрмеңкеде жалпы саны 400-ге жуық сұрақ қойылды. Сауалдардың дені жас мамандарға қарастырылған жеңілдіктер, «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы, тапшылық тудырып отырған мамандықтар төңірегінде болды.
– Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру жас мамандарға ғана емес, сондай-ақ жұмыс берушілер үшін де маңызды. Түлектер өздерін қызықтыратын бос орындар туралы мәлімет алуға, ал біздер үшін олардың іскерлік қасиетін бағалауға мүмкіндік тудырады. Осы тақілеттес шаралар арқылы түлектерге ақпарат бере аламыз. Орта мектепке қызметке орналасқан жас маманға тәжірибесі мол ұстаздар бағыт-бағдар беріп, жұмысының қыр-сырын терең меңгеруіне әрқашан қолұшын көрсетеді. Сондықтан жастар жұмыс істеуге деген ынта-ықылас танытса, біз өз тарапымыздан әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді білім бөлімдерінің өкілдері.
Статистикалық мәліметтер бойынша, 2017-2018 оқу жылында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін 1548 студент тәмәмдап, олардың 95 пайызы жұмысқа орналасқан. Былтырғы түлектердің «екі қолға бір күрек тапқандарының» үлес салмағы да осы көрсеткіш шамасында.
БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ
Байланыс телефоны: 8 (727) 237-00-07
e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com
facebook: qyzdaryniversiteti
twitter: qyzdar_yniver
vkontakte: qyzdar_yniver
instagram: qyzdar_yniversiteti
youtube: qyzdar уniversiteti
telegram: t.me/qyzdar_yniversiteti
Бөлісу: