Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу өтті
-
29 қазан, 2021
АЛМАТЫ. 29 қазан. Баспасөз орталығы – Ел егемендігінің 30 жылдығына және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай біздің Университетте «Тәуелсіздік таңы» атты кеш өтті. Жиынға кеңестік империяның іргесін шайқалтқан қазақ жастарының толқуына қатысушылар қатысып, студенттерге естеліктерімен бөлісті.
Тағылымды іс-шараны Университеттің Стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Жанар Рысбекова ашып, оқу орнының Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанайдың кешке жиналғандарға жолдаған құттықтауын жеткізді.
– Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне ие болғанымызға биыл 30 жыл толып отыр. Осындай мерейлі шақта еліміздің гүлденіп, көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген отандастарымызды ортақ мерекемізбен құттықтаймын! Ұрпақтарымыздың ырысы ортаймасын, намысы тапталмасын деп көксеген ата-бабаларымыздың арманы орындалған осы шақта баршаңызға бақыт, байлық, береке тілеймін. Еліміздің ертеңі жолындағы еңбегіміз жана берсін, – делінген құттықтау хатта.
Кездесуде «Желтоқсан көтерілісі» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мырзағұл Әбдіқұлов, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, жазушы Болат Шарахымбай, «Qazaqstan dauiri» газеті директорының орынбасары Жанбақыт Борантаев және өзге де Желтоқсан оқиғасына қатысушылар сөз сөйледі.
– Қайрат Рысқұлбеков екеуіміз өлім жазасына кесілгенбіз. Алайда, менің жазам кейіннен 20 жылға ауыстырылды. Түрмеде отырғанда анам Сұлуқас, жарым мен балаларым небір азапты бастан өткерді. Жарым Қазынагүлді үш күн түрмеге қамап, соның әсерінен ішіндегі болашақ нәресте ерте шетінеп кетті. Анам біздің қайғымызды көтере алмай көз жұмды. Бір қызым денсаулығын уақытында қаратпағандықтан 12 жасында өмірден өтті. Өлім жазасын бір жыл күттім. Бірақ еліміз Тәуелсіздігіміз алғаннан кейін жаза мерзімі қысқарып, аяғында бостандыққа шықтым. Желтоқсан оқиғасы – ұлт рухының биік белесі. Алда Желтоқсан оқиғасының ісі егжей-тегжейлі зерттеледі, шын бағасы беріледі, ұлттық тарихымыздан өзінің тиісті орнын алады. Оған Сіздер куә боласыздар, қымбатты жастар, – деді Мырзағұл Әбдіқұлов.
Ал Болат Шарахымбай, Жанбақыт Борантаев, Жарқынбике Сүлейменова және Ердәулет Берлібаев Тәуелсіздіктің бастауына айналған оқиғаның маңызы турасында кеңінен әңгімеледі.
– Қазаққа Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Біз оған ызғарлы Желтоқсанда кеңестік қызыл империя бодандығына қарсы бұлқынған намысшыл қазақ жастарының арқасында қол жеткіздік. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен Желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыратын болады, – деп атап өтті сөз алғандар.
Шараның екінші бөлімі Университеттегі өнер ұжымдары мен белсенді студенттер дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Атап айтқанда, концерт барысында «Томирис» би ансамблі, Студенттік хор сынды бірнеше халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегерлері көпшілікке жаңа туындыларын ұсынды.
МЕДИА
Маркетинг және коммуникациялар департаменті
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05
e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz
Бөлісу: