Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде профессор-оқытушылар құрамына арналған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» өкілімен танымдық кездесу өтті.

Басқосудың мақсаты – оқытушылар мен ғалымдардың кәсіби әрі академиялық дамуына жол ашатын халықаралық бағдарламалардың мүмкіндіктерін таныстыру және ашық диалог алаңын құру.

Кездесуге «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Еркінбаев арнайы қатысты.

Жиынды Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева ашып, халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті: «Біздің университет үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту және оқытушыларымыздың кәсіби деңгейін көтеру – басты басымдықтардың бірі. Шетелдік тәжірибе жинақтау мен академиялық ұтқырлық білім беру мен ғылыми әлеуетімізді арттырады», – деді ол.

Айта кетсек, 2021 жылдан бастап «500 ғалым» жобасы аясында университеттің 67-ден астам профессор-оқытушысы АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Финляндия және Түркияның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өткен болатын. Қазір 2 зерттеуші шетелде тәжірибе жинақтап жатса, тағы 2 ғалым грант иегері атанып, тиісті құжаттарын әзірлеуде.

Кездесу барысында Қайсар Қайратұлы халықаралық бағдарламалардың талаптарын, ғылыми тағылымдамалар мен гранттарға құжат тапсыру тәртібін түсіндіріп, өз тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ оқытушылардың сұрақтарына мазмұнды жауап беріп, ғалымдарға бағыт-бағдар нұсқады.

2005 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі құрған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» «Болашақ» бағдарламасы, «500 ғалым» жобасы, үкіметаралық гранттар мен Study in Kazakhstan бағыттарын әкімшілендіру арқылы еліміздің ғылым мен білім саласын дамытуды қолдап келеді.
