«Нұрпейіс оқулары» аясында конференция өтеді
-
18 ақпан, 2021
АЛМАТЫ. 18 ақпан. Баспасөз орталығы – «Тәуелсіз Қазақстан: жасампаздық тарихы және мемлекеттілікті нығайтудың өзекті мәселелері». Осындай атаумен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Алқалы жиын Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҰҒА академигі Кеңес Нұрпейістің құрметіне арналған дәстүрлі «Нұрпейіс оқулары» аясында ұйымдастырылады.
Тарих және шетел тілдері институты мен Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мұрындық болған жиын жұмысы 5 бағыт бойынша жүргізіледі және басқосу барысында отандық және шетелдік белгілі ғалымдар тағылымды баяндамалар жасайды.
Кеңес Нұрпейіс 500-ге жуық ғылыми жарияланым мен 20-дан астам монографияның авторы. Ғалымның зерттеулері 1916 жылы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының, 1917 жылы екі революцияның және 1918-1920 жылдарда азаматтық қақтығыстар тарихына, ХХ ғасырда ұлттық-мемлекеттік құрылыс тарихының, саяси қуғын-сүргін және Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің мәселелеріне арналды. Зерттеудің алғашқы нәтижелері ғылыми жұртшылықтың жоғары бағасын алған «Алаш һәм Алашорда» монографиясында баяндалған. Оның ғылыми жетекшілігімен 10-нан астам докторлық, 50-ге жуық кандидаттық диссертация қорғалды.
«Тәуелсіз Қазақстан: жасампаздық тарихы және мемлекеттілікті нығайтудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ақпараттық хатын мына жерден жүктей аласыз.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07
e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com
Бөлісу: