Халықаралық ғылыми жиын өтеді



    • Халықаралық ғылыми жиын өтеді

      АЛМАТЫ. 28 қаңтар. Баспасөз орталығы – 24 ақпан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Теориялық және практикалық психологияның өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

      Онлайн режімдегі дәстүрлі басқосу оқу орнының Теориялық және практикалық психология кафедрасының мұрындық болуымен ұйымдастырылмақ.

      Жиын жұмысы «Пандемия жағдайында психология мен психотерапияның даму тенденциясы», «Психологтың  кәсіби іс-әрекеті: қоғамда, білім беру жүйесінде, отбасы институтында», «Тұлғаның кәсіби бағытының анықталуы және эмоционалдық интеллект» бағыттары бойынша жүргізіледі.

      Конференцияға  Ресейдің Санкт-Петербург мемлекеттік университеті, Псков мемлекеттік университеті, Қырғызстанның Қырғыз-Ресей білім беру академиясы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Павлодар педагогикалық университеті және «Қайнар» университетінің ғалымдары қатысып, іргелі ізденістерімен бөліспек.

      Ғылыми басқосуға келіп түскен материалдар негізінде арнайы жинақ Pdf формат түрінде жарық көреді.

      «Теориялық және практикалық психологияның өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның ақпараттық хатымен мына жерден танысуға болады.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны:+7 727 237 00 07

      e-mail:kyzdaruniversity_press@gmail.com

      Бөлісу: