Университетіміздің студенттері мен оқытушылары «Eurasia Foundation (from Asia)» жапон қорының арнайы дәрістер курсынан өтпек
-
26 қаңтар, 2023
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Eurasia Foundation (from Asia)» жапон қорының білім беру гранты бойынша «Еуразиялық қауымдастық: жаһандық білім және көшбасшылық» курсы ашылды.
2023 жылдың 25 қаңтарында өткен курстың ашылуына Қоғамдық гуманитарлық пәндер кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы және «Әлеуметтану», «Әлеуметтік жұмыс» білім беру бағдарламасының студенттері қатысты. «Eurasia Foundation (from Asia)» қоры 2009 жылдың желтоқсанында құрылды, оның гранттық академиялық жобалары әлемнің 500 университетінде Еуропа мен Азияның 40-тан астам елінде жүзеге асырылуда. Халықаралық жапон қорының негізгі қызметі мәдени алмасу және осы өңірдің елдері мен халықтары туралы қосымша білім алу арқылы бірыңғай еуразиялық қауымдастықты қалыптастыру мен Еуразиялық университеттер арасындағы ғылым, білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту, халықаралық қатынастар мен әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар мамандығының студенттері үшін қабілетті дамыту сағаттарын ұйымдастыруға бағытталған.
Оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Жұманқұлова Еркін Нұрсағатқызы мен курс координаторы Белялова Әйгерім Ермекқызының жетекшілігімен курс силлабусы және Жапония, Оңтүстік Корея, Испания сияқты елдердің танымал шетелдік профессорлары мен отандық ғалымдардың дәрістер бағдарламасы құрастырылды. Алғашқы кіріспе дәрісті Қазақ тілі және әлем тілдері институтының оқытушысы, педагогика ғылымдарының докторы Әйгерім Ермекқызы Белялова өткізді, дәріс барысында жапон қорының қызметі, курстың мақсаты мен міндеттері туралы ақпарат беріліп, университеттік ғылым мен ұлттық білім беру жүйесінің даму перспективалары талқыланды, әлемдік деңгейдегі университеттер модельдерінің мысалдары келтірілді.
Студенттер дәріс соңында АҚШ, Франция, Жапония және Оңтүстік Корея сияқты елдердің ұлттық инновациялар жүйесінің артықшылықтарын, ірі университеттер базасында жоғары технологиялық өндірістер мен инновациялық кластерлер ареалдарын құрудың тиімділігін көрсететін халықаралық тәжірибелерін көрнекі түрде салыстыра алды, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, өз пікірлерімен бөлісті. Аталмыш курс ағымдағы жылдың көктемдік семестрі бойы әр сәрсенбі күндері өтетін болады. Курстың келесі дәрісін 1 ақпан Комплютенс университетінің профессоры Лопес-Варела Асунсьон өткізеді.
Бұл курсты өткізу процесі институттардың профессорлық-оқытушылық құрамын, оның кафедралары мен бөлімдерін біріктіріп қана қоймайды, сонымен қатар студенттердің әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу және білім беруді қамтамасыз ету үшін университеттік жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуын ынталандырады. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеттің студенттерінің болашақта жаһандық деңгейдегі көшбасшылар болуына үлкен үлес қосатынына сенімдіміз.
Бөлісу: