Жаңа оқу жылы: жаңалықтар мен өзгерістер



    • Жаңа оқу жылы: жаңалықтар мен өзгерістер

      АЛМАТЫ. 3 қыркүйек. Баспасөз орталығы – Жаңа оқу жылында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде қандай жаңалықтар бар? Биыл оқу орнында қандай өзгерістер болады? Біз бүгін Сіздерге осы ақпараттармен бөлісеміз.

      ЖОҒАРЫ КӨРСЕТКІШ. 2021-2022 оқу жылында 3 800-ден астам талапкер Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне таңдау жасады. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары.

      ГРАНТ ИЕГЕРЛЕРІ САНЫ. Биыл университетке жалпы саны 1000-нан астам грант иегерлері оқуға түсті. Оның ішінде бакалавриат бойынша 906, магистратура бойынша 108, докторантура бойынша 21 грант иегері бар.

       

      ЖАҢА ИНСТИТУТТАР ҚҰРЫЛДЫ. Жаңа оқу жылында университетте Физика, математика және цифрлық технологиялар институты, Педагогика және психология институты, Жаратылыстану институты, Қазақ тілі және әлем тілдері институты және Әлеуметтік-гуманитарлық және өнер институты құрылып, атаулары өзгерді.

       

      КОММУНИКАЦИЯНЫҢ ЖАҢА ТҮРІ. Биылғы оқу жылында дәрістер мен сабақтар Microsoft Teams платформасы арқылы жүргізіледі. Аталған платформаны оқу үдерісінде әлемнің жетекші жоғары оқу орындары кеңінен пайдаланады.

       

      БАСҚАРМА МҮШЕЛЕРІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры лауазымына Закир Жұмақұлов, Стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры қызметіне Жанар Рысбекова тағайындалды. Олар халықаралық «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің жетекші оқу орнында білім алған өз саласының кәсіби мамандары.

       

      УНИВЕРСИТЕТКЕ ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМДАР ТАРТЫЛАДЫ. Шетелдік ғалымдарды университетке тарту бағдарламасы аясында биылғы оқу жылында АҚШ, Түркия, Латвия және Ресейдің алдыңғы қатарлы ғалымдарымен келісімдер жасалды. Олар жаңа оқу жылында шетелдің заманауи әдістері мен үлгілері бойынша дәрістер өткізбек.

       

      КОРПОРАТИВТІК МӘДЕНИЕТ – ЖЕТІСТІККЕ БАСТАР ЖОЛ. Биылғы оқу жылында университеттің профессор-оқытушылары мен қызметкерлері және студенттерге qyzpu.edu.kz адресімен бірыңғай ұжымдық корпоративтік пошта берілді.

       

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: mar.com@qyzpu.edu.kz

       

      Бөлісу: