Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басымдықтар мен міндеттерді талқылауға арналған кездесу өтті.

                                                                          

Жиынға Құрылтай депутаты Сергей Пономарев, Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Мейіржан Отыншиев, Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Асхат Қабашев және Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Шыңғысхан Маманов қатысты.

                                                                          

Басқосуға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен QyzPU Студенттік Құрылтайының мүшелері де жиналды. Жиынды әлеуметтік даму және студенттік істер жөніндегі проректор Думан Жекенов жүргізді.

                                                                          

Спикерлер Жолдауда көтерілген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні енгізу, кәсіпкерлікті қолдау, экология және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталды.

                                                            

Сергей Пономарев инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, халықтың жұмыспен қамтылуы мен өмір сапасын арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау бағыттарын атап өтті. Мейіржан Отыншиев әлеуметтік саясаттың басымдықтарына, соның ішінде денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамытуға, инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыруға, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетуге және педагогтердің артық жүктемесін азайтуға назар аударды.

                                                                         

Өзге спикерлер де Жолдауда айқындалған міндеттердің маңызы мен оларды іске асыру жолдары жөнінде ой бөлісті.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова мұндай кездесулердің жастардың қоғамдық-саяси үдерістер туралы түсінігін кеңейтіп, азаматтық жауапкершілігін қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

«Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру – мемлекеттік органдар мен мекемелердің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Университеттің міндеті – жастардың әлеуетін ашуға жағдай жасау, сапалы білім мен саналы тәрбие беру арқылы ел дамуына үлес қоса алатын білікті мамандар мен жауапты азаматтарды қалыптастыру», – деді ректор.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында жалғасып, студенттер мен оқытушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, спикерлерден жауап алды.