Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған «Жолдау жүктеген міндеттер: ұлттық мемлекеттілік және құқықтық сана» тақырыбында жиын өткізді.

Басқосуға ғылыми қауымдастық өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері және QyzPU Студенттік Құрылтайының мүшелері қатысты.
Жиында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова Жолдауда белгіленген міндеттерді орындау баршаға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Сондай-ақ ұлттық мемлекеттіліктің тарихи негіздерін зерделеу, заң үстемдігін нығайту және жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру бағытында ғылыми қауымдастықтың, жоғары оқу орындары мен қоғамдық институттардың өзара ынтымақтастығын арттырудың маңызын жеткізді.

Президент Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға, цифрлық экономиканы қалыптастыруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бірқатар басым міндет айқындалды.
Мемлекет басшысы 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынып, ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, аграрлық салаға жасанды интеллект технологияларын енгізуге және су ресурстарын тиімді пайдалануға басымдық берді.
Білім беру саласындағы реформалар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, артық жүктемесін азайтуға бағытталуы қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, Жолдауда шағын және микро бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру, салық заңнамасына өзгерістер әзірлеу, жаңа Азаматтық кодексті қабылдау және мемлекеттік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау мәселелері көтерілді.
Жолдау міндеттерін талқылау барысында Ұлттық ғылым академиясының, ғылыми-зерттеу институттарының, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері мен ғалымдар ұлттық мемлекеттілік, Құрылтай институтының тарихи мәні, заң үстемдігі және қоғамдық диалог мәселелері бойынша пікір алмасты.

Жиын аясында мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев пен түрколог-ғалым Зәріпбай Оразбайдың «Құрылтай феномені» атты еңбегі, сондай-ақ заңгер, PhD докторы Бақытжан Сапаровтың балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ата Заң сақшылары» танымдық комиксі таныстырылды.
