Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде техника ғылымдарының докторы, профессор Айтжамал Слямханқызы Мусинаның 80 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ғылыми басқосуға отандық және шетелдік ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, мерейтой иесінің әріптестері мен шәкірттері қатысты. Олардың қатарында химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жану проблемалары институтының ғылыми жетекшісі әрі бас директордың кеңесшісі Зұлқайыр Мансұров, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдуәли Баешов, «Табиғат» экологиялық қоғамының төрағасы Мэлс Елеусізов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Дина Жүсіпәлиева болды.

Конференцияның ашылуында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова құттықтау сөз сөйлеп, Айтжамал Слямханқызының отандық химия ғылымы мен жоғары білім беру саласының дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.

«Бүгінгі басқосу – мерейтой иесінің еңбегіне құрмет білдірумен қатар, химия ғылымының өзекті мәселелерін талқылауға, ғылыми тәжірибе алмасуға және жаңа зерттеу бағыттарын дамытуға жол ашатын маңызды алаң. Ғылымға ғұмырын арнау – үлкен жауапкершілікті, табандылықты және өз ісіне адалдықты талап ететін жол. Айтжамал Слямханқызының өмір жолы мен кәсіби қызметі – осы қасиеттердің жарқын үлгісі», – деді ректор.

Конференция аясында авторлар тобы – Г.У. Байташева, Г.Д. Медеуова және А.С. Мусина дайындаған «Экология және тұрақты даму» оқулығының тұсаукесері өтті.
Ғылыми жиында шетелдік ғалымдар – химия ғылымдарының докторы, Ресейдің Томск мемлекеттік университетінің профессоры Әбдіғали Бакибаев және Үндістанның Ченнай қаласындағы Ғылым және технология институтының физика бөлімінің профессоры Рамачандран Кришнамурти химия саласындағы зерттеулер мен ғылыми жетістіктер туралы ой бөлісті.
Конференция жұмысы бірнеше секция бойынша жалғасты. Қатысушылар жаратылыстану ғылымдарын дамытудың заманауи бағыттары мен перспективаларын, химия саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді, биология, өсімдіктер физиологиясы, биотехнология және экология бағыттарындағы инновациялық жетістіктерді талқылады.
Сонымен қатар тұрақты даму жағдайындағы экологиялық сын-қатерлер, табиғи ресурстар мен қауіпсіздік мәселелері, жасанды интеллект дәуіріндегі жаратылыстану бағытындағы білім берудің цифрлық трансформациясы қарастырылды.
Халықаралық конференция ғалымдар арасындағы ғылыми тәжірибе алмасуға, пәнаралық зерттеулерді дамытуға және жаратылыстану ғылымдарының өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
