Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушы жастар тәжірибелі ғалым-ұстаз Зәйкенова Руда Зәйкенқызына Ұстаздар күні қарсаңында «Құрмет» орденімен марапатталуына орай ерекше құрмет көрсетті.

                                                               

Астанада өткен салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан жоғары дәрежедегі мемлекеттік награда алған Руда Зәйкенқызын университет ұжымы «Ұстазым» әнімен қарсы алып, гүл шоқтарын ұсынып, ыстық ықыласын білдірді.

                                                               

Салтанатты кездесуде білім ордасының Басқарма Төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы: «Бұл марапат – Руда Зәйкенқызының көп жылғы еңбегіне берілген жоғары баға ғана емес, университет ғалымдары мен ұстаздарының ғылыми-педагогикалық қызметіне көрсетілген мемлекеттік құрметтің де айқын көрінісі», – деп атап өтті.

                                                                

Кездесу барысында Руда Зәйкенқызының әріптестері мен шәкірттері жүрекжарды тілектерін арнап, ұстазға деген ыстық ықыластарын жеткізді.

                                                             

Кездесу соңында университет ұжымы мен студенттер бірге ардақты ұстаздың жары, көрнекті ақын Қажытай Ілиясұлының көзі тірісінде сүйікті жары Руда Зәйкенқызына арнаған «Кешіктің неге сен» лирикалық әнін орындап, тағылымды кездесуді әсерлі әуенмен түйіндеді.