Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің С. Қаниев атындағы ғылыми кітапханасында студенттер мен жас зерттеушілерге арналған «Зерттеуші жолының бастамасы» атты практикалық семинар өтті.
Іс-шараны Студенттік Құрылтайдың Ғылым және инновация комитеті ұйымдастырды. Семинардың мақсаты – студенттердің зерттеушілік дағдыларын қалыптастыру, ғылыми-зерттеу жұмысына алғашқы қадамдар жасауға бағыт-бағдар беру және жастардың ғылымға қызығушылығын арттыру.
Негізгі баяндаманы Ақпараттық жүйелер кафедрасының бағдарлама көшбасшысы, PhD Айнур Базарбаева жасады. Спикер ғылыми тақырып таңдау, зерттеу мақсатын айқындау, дереккөздермен жұмыс істеу және ғылыми-зерттеу жұмысын тиімді ұйымдастыру бойынша практикалық кеңестерімен бөлісті.
Семинар соңында студенттер ғылыми жобалар мен зерттеу жұмыстарына қатысты сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Іс-шара студенттердің ғылыми ізденіске қызығушылығын арттырып, зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталды.
