Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Парасат мектебі» концепциясы аясында факультеттерде Парасат апталығы ұйымдастырылуда.
Өткен аптада бұл бағыттағы іс-шаралар Жаратылыстану факультетінде өтсе, осы аптада эстафетаны Филология факультеті жалғастырып, «Тіл – парасаттың, әдебиет – рухтың айнасы» атты Парасат апталығын бастады.
Апталық Филология факультетінің деканы Сатбекова Айгүл Амантайқызының жетекшілігімен іске асырылады.
Басты мақсаты – білім алушылардың бойында парасаттылық, адамгершілік, жауапкершілік, ұлттық құндылықтар мен азаматтық мәдениет қағидаттарын нығайту, сондай-ақ жастардың рухани-мәдени әлеуетін арттыру.
Апталық аясында факультет кафедраларының ұйымдастыруымен танымдық кездесулер, семинар-тренингтер, пікірталастар, дебаттар және интеллектуалдық-шығармашылық іс-шаралар өткізіледі. Оларда тіл мен әдебиеттің тұлға қалыптастырудағы рөлі, сөз мәдениеті, ұлттық құндылықтар, мәдениетаралық коммуникация және қазіргі қоғамдағы парасаттылық мәселелері кеңінен қозғалады.
Сонымен қатар іс-шаралар студенттердің шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, өз ойын еркін әрі мәдениетті жеткізуіне, ұлттық құндылықтарды терең түсініп, күнделікті өмірде ұстануына бағытталған.
