Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaq AI Research University (QAIRU) университетінің ресми ашылуына қатысты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл замануи оқу орны Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында Президент тапсырмасына сәйкес құрылғанын атап өтті. 2026 жылғы 1 қыркүйекте алғашқы оқу жылын бастаған Qazaq AI Research University AI+X моделі бойынша кадрлар даярлайтын эксперименттік алаң мәртебесіне ие. Сонымен қатар университет Орталық Азияның білім беруді аккредиттеу қауымдастығында институционалдық аккредиттеуден өткен.

Халықаралық форум аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Qazaq AI Research University арасында AI+X білім беру бағдарламасын бірлесіп әзірлеу жөнінде меморандумға қол қойылды. Құжатқа Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы және Qazaq AI Research University ректоры Тоқсанов Сапар Нұрахметұлы қол қойды.

Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісіне тиімді ықпалдастырып, заманауи технологияларды меңгерген, еңбек нарығының жаңа талаптарына жауап беретін жаңа буын мамандарын даярлау. Меморандум аясында оқу курстары мен пәндерге жасанды интеллект технологияларын енгізу, оқытушылардың AI бағытындағы біліктілігін арттыру, студенттердің ғылыми-зерттеу және практикалық жобаларын қолдау, сондай-ақ хакатондар, семинарлар, шеберлік сабақтары мен бірлескен ғылыми-білім беру іс-шараларын ұйымдастыру көзделген.

Бұл серіктестік білім беру саласындағы инновациялық тәсілдерді дамытуға, жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне жүйелі түрде енгізуге және жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған маңызды қадам.
