Жаратылыстану факультетінің бастамасымен «Парасат мектебі» тұжырымдамасы аясында студенттерге арналған «Парасат – адамдықтың биік өлшемі» тақырыбында тәрбиелік тренинг өтті.

Іс-шара тренинг, пікір алмасу және тақырыптық талқылау форматында ұйымдастырылды. Кездесудің негізгі мақсаты – студенттерге адамгершілік ұғымының мәнін және оның адам өміріндегі маңызын түсіндіру, сондай-ақ адамгершілік, әділдік, жауапкершілік және өзара сыйластық сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттау.

Тренингті Жаратылыстану факультетінің деканы Байташева Гаухар Умиралиевна өткізді. Кездесу барысында спикер адамгершіліктің мәні мен оның адам өміріндегі маңызына тоқталып, жастар бойында ізгілік, адамгершілік, жауапкершілік және ұлттық құндылықтарға құрмет сияқты қасиеттерді қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Тренинг барысында адамгершілік тек мінез-құлық нормаларын білумен шектелмейтіні айтылды. Адамгершілік адамның саналы шешім қабылдауынан, әділ таңдау жасай білуінен, өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауынан және өзгелерді құрметтеуінен көрінеді. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының философиялық көзқарастарына және «Толық адам» тұжырымдамасына, оның ішінде ақыл, қайрат, жүрек пен әділет ұғымдарының өзара байланысына ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында қатысушылар адамгершілік тақырыбындағы өз ой-пікірлерімен бөлісіп, күнделікті өмірде адами қасиеттерді танытудың маңызын талқылады. Тұлғаның қалыптасуындағы мейірімділік, жауапкершілік, сыйластық және адамгершілік құндылықтардың рөліне ерекше мән берілді.
