Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушылары Бішкек қаласындағы Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті мен Қ. Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университетінің студенттеріне дәріс өткізді.

Дәрістерді Физика, математика және цифрлық технологиялар факультетінің оқытушылары, PhD Маханова Айгүл Сейсенбайқызы және PhD Базарбаева Айнұр Маратқызы жүргізді. «Ғылыми жұмыста жасанды интеллектіні қолдану» тақырыбындағы дәрісте ғылыми әдебиеттерді іздеу және талдау, деректерді өңдеу, зерттеу сұрақтарын тұжырымдау, ғылыми материалдар дайындау және AI құралдарын жауапкершілікпен пайдалану мәселелері қарастырылды. «Жасанды интеллект дәуірінде IT-маманның кәсібі қалай өзгеруде?» тақырыбында IT-индустрияның трансформациясы, болашақ мамандарға қойылатын жаңа талаптар, жасанды интеллект (AI) сауаттылығы, бағдарламалау дағдылары, аналитикалық және сыни ойлау, коммуникациялық дағдылар мен технологияларға бейімделудің маңызы талқыланды.

Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, студенттер пікірталастарға белсенді қатысып, сұрақтар қойды және жасанды интеллект, ғылым мен IT-мамандықтардың болашағына қатысты ойларымен бөлісті.

Бішкекте өткен дәрістер Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтып, оқытушылар мен студенттер арасында тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашты. Кездесулер білім алмасуға, студенттердің зерттеушілік мәдениетін дамытуға және цифрлық дәуір талаптарына сай мамандар даярлауға ықпал етті.
