Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Оңтүстік Кореяның Сукменг қыздар университетінің Корей тілі мен әдебиеті факультетінің профессоры Ким Кён Рён және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің шақырылған профессоры Ли Бенг Джомен кездесу өтті.
Іс- шараға QyzPU Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Салтанат Джакубаева, Шетел тілдерін оқыту әдістемесі және пәнаралық коммуникация кафедрасының меңгерушісі Жазира Айлауова және кафедраның аға оқытушысы Баян Сайдаева қатысты.
Кездесудің мақсаты – Сукменг қыздар университетінің академиялық әлеуетімен танысу және екі жоғары оқу орны арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағыттарын айқындау.
Тараптар студенттер, магистранттар мен оқытушыларға арналған семестрлік және жылдық академиялық алмасу бағдарламаларын ұйымдастыру, корей тілін оқыту әдістемесін (KFL) дамыту, корей тілі мұғалімдерін даярлау және біліктілікті арттыру тренингтерін өткізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ профессор Ким Кён Рённың дәрістер сериясын ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылды.
Жиын барысында қыздар көшбасшылығын дамыту мақсатында ғылым, білім және басқару салалары бойынша бірлескен форумдар мен дөңгелек үстелдер өткізу, сондай-ақ шығыстану, педагогика және салыстырмалы тіл білімі бағыттарында бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру мәселелері сөз болды.
Кездесу қорытындысы бойынша QyzPU мен Сукменг қыздар университеті өкілдері Ынтымақтастық туралы меморандумды дайындау бойынша алдағы қадамдарды белгіледі.
