Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімова Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында «AI-Sana – жоғары білім беруді трансформациялаудың қозғаушы күші» тақырыбындағы панельдік сессияға қатысты.

Жиында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы халықаралық сарапшылар, ғалымдар, жоғары білім беру өкілдері және кәсіпкерлер AI-құзыреттерді нақты жобаларға, өнімдерге және практикалық нәтижеге айналдыру мәселелерін талқылады. Ректор өз сөзінде жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізумен қатар, студенттердің AI-құзыреттерін нақты кәсіби міндеттерді шешуге бағыттаудың маңызын атап өтті.

                                               

Бүгінде AI-Sana бағдарламасы аясында QyzPU-дың 11 547 білім алушысы жасанды интеллект бағытындағы біліммен қамтылған. Оның ішінде 2 036 студент 6 кредиттік «Жасанды интеллект негіздері» пәнін меңгерсе, 9 511 білім алушы сертификатталған онлайн курстарды аяқтады. Нәтижесінде университетте студенттерді AI-біліммен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Сонымен қатар жасанды интеллект элементтері барлық білім беру бағдарламаларына енгізілді. Ендігі міндет – алған білімді нақты нәтижеге айналдыру. «Жасанды интеллект негіздері» пәнінде студенттің қорытынды жұмысы AI-жобаны әзірлеуге негізделген. Келесі кезеңде бұл тәжірибені курстық, практикалық және дипломдық жұмыстармен, ғылыми зерттеулермен және нақты кәсіби міндеттермен байланыстыру көзделуде.

                                               

Осы бағытта «AI-ПЕДАГОГ» жобасы арқылы университет түлектері жұмыс істейтін мектептер мен колледждердегі нақты мәселелерді анықтап, оларды студенттердің жобалық жұмыстарына негіз ету жоспарлануда. Сонымен қатар студенттерді, оқытушыларды, зерттеушілерді, мектептер мен бизнес өкілдерін біріктіретін AI Pedagogy Hub ортасын қалыптастыру көзделуде. «Университет студенттер тек емтихан тапсыратын емес, қоғамға қажетті нақты шешімдер, зерттеулер мен өнімдер жасайтын ортаға айналуы тиіс. Педагогикалық университет үшін бұл – ерекше маңызды міндет. Себебі AI-құзыретті болашақ педагог осы дағдыларды мыңдаған оқушыға жеткізеді. Бүгінгі AI-білімі – ертеңгі мұғалімнің кәсіби құзыреті мен білім беру жүйесінің цифрлық трансформациясының негізі», – деп атап өтті Бейбіткүл Кәрімова.