Салтанатты жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер мен білім алушы жастар қатысты. Мерекелік шараның ашылуында Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Суатай Сәбит Құрманжанұлы сөз сөйлеп, Басқарма Төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызының университет ұжымына жолдаған құттықтауын жеткізді.

«Бүгінде университет Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жаңа даму кезеңіне қадам басып, білім сапасын арттырумен қатар, ғылыми әлеуетті күшейтуге, халықаралық байланыстарды кеңейтуге және цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға басымдық беруде. Осы міндеттерді жүзеге асыруда, жастарды білімге, ізденіске, жауапкершілікке тәрбиелеп, парасатты ұрпақ қалыптастыруда профессор-оқытушылар құрамының еңбегі зор», – делінген ректор құттықтауында.

Салтанатты шара барысында бірқатар оқытушы-профессорға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің атынан «Ғылым үздігі» құрмет дипломы, «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаттар» табысталды.

Сондай-ақ университеттің бірқатар қызметкері QyzPU Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызының атынан «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаттармен» марапатталды. Бұдан бөлек, университет қызметкерлеріне Алматы қаласының әкімі Сатыбалды Дархан Амангелдіұлының, Алмалы ауданының әкімі Шамшин Арман Нұржанұлының, сондай-ақ Алмалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Альбисенов Ерлан Ибрагимұлының атынан Алғыс хаттар табысталды.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, «Айгүл» ансамблі мен «Томирис» би ансамблі өнер көрсетіп, ұстаздар қауымына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шара соңында QyzPU гимні шырқалды.

Ұстаз – білім мен тәрбие арқылы ұлттың болашағын қалыптастыратын тұлға. Сондықтан ұстаз еңбегін бағалау – білім мен болашаққа деген құрмет. Мерекелер қарсаңында, 5 қазан – Ұстаздар күніне және 25 қазан – Республика күніне орай университет қызметкерлеріне бір лауазымдық жалақы көлемінде арнайы сыйақы берілді.





