Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басшылығы, оқытушылар құрамы мен студенттері Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында  өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарына қатысып, ел намысын қорғаған QyzPU студенті Ясмина Тоқсанбаеваны Алматы әуежайынан зор құрметпен қарсы алды.

                                                               

«Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті, 21 жастағы жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарында 42 шақырым 195 метр қашықтықтағы марафондық спорттық жүрістен 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтиже көрсетіп, мәреге бірінші болып жетті.

                                              

Жарыстың бастапқы қорытындысы бойынша спортшының нәтижесі ресми түрде тіркеліп, Қазақстан құрамасының қоржынына тоғызыншы алтын медаль ретінде енгізілді. Алайда жарыс аяқталғаннан кейін түскен наразылыққа байланысты Ясминаның нәтижесі қайта қаралып, кейін ресми есептен алынды.

                                              

Бұл жағдайға қарамастан, Ясминаның жарыста көрсеткен шеберлігі, табандылығы мен жігері – үлкен спорттағы маңызды белес. Әсіресе марафондық спорттық жүрістің Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілгенін ескерсек, оның көрсеткіші қазақстандық спорт тарихындағы елеулі нәтижелердің бірі ретінде бағаланады.

                                              

QyzPU ұжымы жас спортшыны халықаралық аренадағы жарқын жетістігімен құттықтап, оған қолдау білдірді. Университет басшылығы, ұстаздары мен студенттері әуежайда Ясминаны гүл шоқтарымен қарсы алып, ризашылықтарын жеткізді.

                                              

Ясминаның жігері мен табандылығы – QyzPU студенттері үшін үлкен үлгі. Оның халықаралық деңгейдегі жарыста ел намысын абыроймен қорғауы – университетіміз үшін зор мақтаныш.

                                              

                                                                                               

Сен біз үшін чемпионсың, Ясмина!

QyzPU сенімен мақтанады!