5 қыркүйек – Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне және Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Ұлт ұстазын ұлықтау» атты тағылымды іс-шара өтті.

                                               

Салтанатты шараға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, №171 мектептің ұжымы, сондай-ақ ғылым, мәдениет және музей саласының өкілдері мен зерттеуші ғалымдар қатысты. Қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне арнайы барып, ұлт ұстазының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

                                               

Шара аясында Алаш ағартушысының өмір жолы мен бай мұрасына арналған арнайы көрме ұйымдастырылды.

                                               

Іс-шара Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінде дөңгелек үстел форматында жалғасты. Жиында QyzPU Филология факультетінің басшылығы мен оқытушылары, шақырылған ғалымдар және зерттеушілер Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық қызметі мен ғылыми мұрасын, сондай-ақ қазақ тіл білімі мен әдебиеттануын дамытудың өзекті мәселелерін кеңінен талқылады.

                                              

Басқосу барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Анар Салқынбайдың «Ахмет Байтұрсынұлы ілімі» атты жаңа монографиясының тұсаукесері өтті.