193 QyzPU студенті академиялық ұтқырлықпен шетелде білім алады Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелде білім алатын студенттермен кездесу өтті.

Халықаралық ынтымақтастық департаменті ұйымдастырған жиынға Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева қатысып, студенттерге алдағы оқу кезеңіне сәттілік тіледі.

2026–2027 оқу жылының күзгі семестрінде QyzPU-дың 193 студенті Польша, Қытай, Латвия, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстандағы серіктес жоғары оқу орындарында білім алады.

Кездесуде проректор академиялық ұтқырлықтың студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына берер мүмкіндігіне тоқталды. «Халықаралық ынтымақтастық департаментіне атқарған жұмыстары үшін алғысымды білдіремін. Сіздер үшін шетелде білім алу – жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға, кәсіби дағдыларыңызды жетілдіруге мүмкіндік беретін маңызды кезең. Шетелде жинақтаған тәжірибелеріңізді елге оралған соң білім мен ғылымды дамытуға жұмсайды деп сенемін.» – деді Ақтолқын Құлсариева.

Жиында студенттерге шетелдегі оқу үдерісіне бейімделу, қажетті құжаттарды рәсімдеу және академиялық талаптарды сақтау бойынша маңызды ақпарат берілді. Сонымен қатар жаңа әлеуметтік ортаға бейімделу, шетелдік студенттермен байланыс орнату және мәдени ерекшеліктерді құрметтеу мәселелері түсіндірілді. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасына филология, жаратылыстану ғылымдары, физика-математика, IT, тарих, география, өнер және басқа да бағыттар бойынша білім алатын студенттер қатысады.

Айта кетейік, 2026 жылғы қазанда Халықаралық ынтымақтастық департаменті 2026–2027 оқу жылының көктемгі семестріне академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттерді іріктеу конкурсын жариялауды жоспарлап отыр.
