Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларға арналған халықаралық ғылыми дәріс ұйымдастырылды. Шара аясында Түркияның Йылдыз техникалық университетінің профессоры Бахадир Кескін «Наноматериалдар: қолданылуы мен қасиеттері» тақырыбында баяндама жасады.

Жиынды Жаратылыстану факультетінің деканы, профессор Гаухар Байташева кіріспе сөзбен ашып, академиялық қауымдастықты жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады, сондай-ақ шетелдік жетекші ғалымдармен тәжірибе алмасудың университеттің зерттеу әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.

Дәріс барысында профессор Бахадир Кескін наноматериалдардың физика-химиялық қасиеттерін, заманауи химиялық синтез әдістерін және осы саладағы әлемдік тенденцияларды таныстырды. Сонымен бірге ғалым өз тәжірибесіне сүйене отырып, наноөлшемді материалдарды энергетика, экология, медицина мен өнеркәсіпте тиімді қолдану мүмкіндіктерін сараптады.

Баяндамадан кейін профессор-оқытушылар мен студенттер нанотехнологияларды қолданбалы зерттеулерге енгізу, олардың экологиялық қауіпсіздігі мен коммерцияландыру перспективалары бойынша сұрақтар қойып, пікір алысты.

