Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 10 ғылыми жобасы Алматы қаласы әкімдігінің гранттық қаржыландыруы аясында ұйымдастырылған акселерация бағдарламасын сәтті аяқтап, байқаудың финалдық кезеңіне өтті.
Айта кетейік, аталған конкурсқа еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарынан жүздеген жоба ұсынылды. QyzPU атынан ұсынылған 29 өтінімнің 18-і конкурстың екінші кезеңіне өтіп, қысқа тізімге енгізілді. Акселерация бағдарламасының қорытындысы бойынша олардың ішінен ең үздік 10 жоба финалдық кезеңге жолдама алды.
Университет ғалымдары экология, әлеуметтік саясат, білім беру және медицина бағыттарында мегаполистің өзекті мәселелерін шешуге арналған қолданбалы жобаларын таныстырып, бағдарламадан өткенін растайтын сертификаттарға ие болды.
Экология бағытында Жанар Тұрсынның автокөлік газдарын тазартуға арналған марганец негізіндегі үштік нанокомпозиттер технологиясы және Эльмира Иманованың EcoSchool Almaty мектептік экологиялық мониторинг IT-платформасы үздік жобалар қатарынан көрінді.
Әлеуметтік саясат бағытында Айгүл Сембаеваның Jas-Orta жастардың әлеуметтік интеграциясы мен цифрлық тәуелділіктің алдын алу технологиясы, Қапиза Түкенованың балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлеуметтік тәуекелдерді ерте анықтау моделі, Гүлмира Топанованың жастардың жауапты ата-аналығын қалыптастырудың сындарлы моделі, Әлия Қалиеваның жалғызбасты қарттарды қолдауға арналған «Қамқорлық жақын» жүйесі және Мейрамгүл Бұлақбаеваның Smart Almaty: әлеуметтік шешімдер картасы жобасы жоғары бағаланды.
Білім беру бағытында Назира Сәндібаеваның физика пәні бойынша виртуалды зертханалар әзірлеу жобасы мен Мереке Таңқыбаеваның инклюзивті білім берудің «Білім Баршаға» (Digital Tutor) цифрлық платформасы финалдық кезеңге өтті.
Медицина бағытында Шолпан Әлдибекованың Алматы қаласындағы көміртек мөлшерінің бала денсаулығына әсер ету қаупін бағалау және оны төмендету стратегияларын әзірлеуге бағытталған ғылыми жобасы финалға жолдама алды.
Аталған бастамалар ғылыми зерттеулер нәтижелерін практикада қолдануға, инновациялық шешімдерді әзірлеуге және оларды Алматы қаласының өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.
