Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессор-оқытушылар құрамы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясында «WIPO – Kazakhstan Summer School on Intellectual Property» халықаралық жазғы мектебінде арнайы тағылымдамадан өтті.
Аталған біліктілікті арттыру мектебі Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (WIPO) мен ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқықтары комитетінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» (Qazpatent) тарапынан ұйымдастырылды.

Университеттің қаржыландыруымен қатысқан оқытушылар оқу бағдарламасы аясында зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың заманауи механизмдерін меңгерді. Курс барысында өнертабыстарды патенттеу, авторлық құқықтарды қорғау, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру және академикалық ортада инновациялық қызметті тиімді басқару бағыттары бойынша практикалық дәрістер берілді.
Аталған халықаралық бағдарламаға Пәнаралық зерттеу орталығының басшысы Ақбота Қуандықова, Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ғазиза Шойбекова, Тарих кафедрасының оқытушысы Асем Тастанова, Информатика кафедрасының аға оқытушысы Жұлдыз Базаева және Психология кафедрасының оқытушысы Жадыра Адасканова қатысты.
Арнайы оқыту курсын табысты аяқтаған QyzPU профессор-оқытушыларына халықаралық үлгідегі сертификаттар табысталды. Бұл бағдарламада алған білім мен тәжірибе оқу орнындағы ғылыми-инновациялық жобаларды дамытуға өз үлесін қосады.
