Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімова жаңа оқу жылының басталуына орай университеттің профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.
Кездесуде ректор оқу орнының өткен кезеңдегі атқарған жұмыстарына тоқталып, жаңа оқу жылындағы басым бағыттар мен алдағы міндеттерді айқындады. «Жаңа оқу жылы – кезекті академиялық жылдың бастауы ғана емес. Бұл – өткенімізді бағалап, бүгінгі жағдайымызға объективті баға беріп, ертеңгі даму бағытымызды айқындайтын маңызды кезең. Жаңа оқу жылындағы негізгі міндетіміз – қалыптасқан жұмысты жай ғана жалғастыру емес, университет дамуының жаңа сапалық кезеңіне өту», – деді Бейбіткүл Кәрімова.

Жиында университеттің академиялық, ғылыми және халықаралық қызметін одан әрі дамыту, білім беру үдерісі мен ғылыми жобалардың сапасын арттыру, сондай-ақ оқу орнының инфрақұрылымын заман талабына сай жетілдіру мәселелеріне басымдық берілді.
Сонымен қатар цифрлық трансформацияны жеделдету, ұлттық және халықаралық рейтингтердегі университет көрсеткіштерін жақсарту, білім сапасы мен ғылыми әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі әрі нәтижелі жүргізу міндеттері қойылды.
Кездесу барысында профессор-оқытушылар құрамының жаңа оқу жылындағы мақсат-міндеттері талқыланып, университет дамуының стратегиялық бағыттары бойынша нақты тапсырмалар берілді.
