Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 1 қыркүйек – Білім күніне орай бірінші курс студенттеріне арналған тақырыптық дәрістер сериясы өтті.

Шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, құрылымдық бөлімше басшылары мен арнайы шақырылған сарапшылар қатысты.

Іс-шараның мақсаты – білім алушылардың азаматтық жауапкершілігін, құқықтық әрі экологиялық мәдениетін қалыптастырып, бойында патриотизм мен академикалық адалдық құндылықтарын нығайту.

Бес негізгі бағытты қамтыған жиында спикерлер ел дамуының маңызды аспектілерін талқылады. Рустам Кайриев «Жаңа қоғамдық кезең: Конституция, Құрылтай және азаматтық жауапкершілік» дәрісінде конституциялық құндылықтар мен Ұлттық Құрылтайдың орнын түсіндірсе, Нұржан Жақұпов «Заң мен тәртіп – тұрақты қоғамның негізі» тақырыбында құқық бұзушылық пен кибербуллингтің алдын алу мәселелерін көтерді.

Экологиялық мәдениет пен цифрлық азаматтықты қалыптастыруға арналған «Таза ел – таза сана» дәрісін PhD докторанты Әкежан Кеңесов жүргізді. Ал Қайыржан Абдыхалыков «Адалдық – адамдықтың негізі» тақырыбында академикалық парасаттылық пен адал еңбектің маңызына тоқталса, Ермұхаммед Палмағанбетов «Білімді ұрпақ – ел болашағы» дәрісінде жастардың ғылым мен өзін-өзі дамытуға деген ынтасын арттыру мәселелерін сөз етті.

Кездесу соңында студенттер өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасып, сарапшылардан көкейкесті сауалдарына жауап алды.

