Университет ғалымдары 41 млн теңгелік гранттық жобаны ұтты



    • Университет ғалымдары 41 млн теңгелік гранттық жобаны ұтты

       АЛМАТЫ. 16 наурыз. Баспасөз орталығы – Қыздар университетінің ғылыми әлеуетін арттыруға қосқан үлкен үлес! Оқу орнының бір топ ғалымы жалпы сомасы 41 млн теңгені құрайтын грантқа ие болды.

      Қазақ тіл білімі мен оқыту әдістемесі кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а. Лира Ибраймова жетекшілігімен «Қазақ тілін сандық ресурстар арқылы ұлттық бренд негізінде меңгерту» атты жоба 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурста үздік деп танылды.

      Жұмыс тобының құрамында Тыныштық Ермекова, Жарқынбике Сүлейменова, Бақытгүл Молдағали, Дидар Рысқұлбек және Гүлмира Сакиева сынды оқу орнының білікті ғалым-оқытушылары бар.

      – Жобаның мақсаты – «әлемдегі онлайн оқыту жүйесіндегі өзгерістерге байланысты тілді меңгертуді трансформациялау үшін «қазақ тілін ұлттық бренд негізінде сандық ресурстар арқылы оқытудың» кешенді жүйесін негіздеу, әзірлеу, тиімділігін тәжірибеде тексеру, сынақтан өткізу, білім беру тәжірибесіне енгізу және сандық ресурстарды пайдаланып әлемге тарату, – дейді Филология институтының директоры Тыныштық Ермекова.

      Айта кетейік, биылғы жыл оқу орнының ғалымдары үшін қомақты табыспен, елеулі жетістікпен басталды. Жыл басынан бері университет ғалымдары жалпы сомасы 140 млн-ға жуық гранттық қаржыландыруға ие болды.

      Бұл – табанды жұмыс пен іргелі ізденістің айқын нәтижесі.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: