QYZPU оқытушысы 2 минуттық ролик түсіріп, iPhone 15 Pro Max ұтып алды



    • QYZPU оқытушысы 2 минуттық ролик түсіріп, iPhone 15 Pro Max ұтып алды

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің робототехника оқытушысы 2 минуттық ролик түсіріп, iPhone 15 Pro Max ұтып алды. "TikTok 2023 Оқытушысы" номинациясын жеңіп алған ол небәрі екі минуттық видеода Arduino платформасында роботты өз бетімен қалай жинауға болатынын көпшілікке түсіндіріп берген. Робототехнитердің ғана қолынан келетін әрекетті қарапайым тілде жеткізген жігіттің видеосы байқау ұйымдастырушыларының көңілінен шыққан.

      Естеріңізге салсақ, #ҚазақстанМұғалімдері байқауын ҚР Ғылым және жоғары білім министрілігі TikTok-пен Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп ұйымдастырған болатын.

      Дәулетбек Хамза небәрі 26 жаста. Ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Digital Lady технопаркінде 3,5 жыл инженер-программист болып істейді. Оқытушы робототехникадан 2,3,4 курс студенттеріне сабақ береді. Сондай-ақ оларды олимпиадаларға дайындайды.

      Оның видеоролигі тек студенттерге ғана емес, мектеп оқушылары мен робототехниканы бұрын-соңды оқымаған ересектерге де түсінікті болатындай етіп түсірілген. Яғни күрделі ұғымды барынша қарапайым тілмен жеткізген.

      Бөлісу: