Ректор Гүлмира Қанай арулардың ақ ордасының ардақты ардагерлерін  марапаттады



    • Ректор Гүлмира Қанай арулардың ақ ордасының ардақты ардагерлерін  марапаттады

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай «Ұстаздар ұстаханасы» атанған арулардың ақ ордасының ардақты ардагерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамын кәсіби мерекесімен құттықтап, Алғыс хаттармен марапаттады.    

      «80 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұстаздары! Сіздердің еліміздің білім, ғылым саласына қосып жатқан үлестеріңіз зор! «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздікі» деп қазақтың ақиық ақыны, педагог Мағжан Жұмабаев айтқандай, қазақ халқы қашанда ұстазын сыйлап, құрметтеген ел. Ұстаздар қауымы – ұлт тәрбиешісі, ел келбеті, жарқын келешегіміздің кепілі. Ұлтымыздың мақтан тұтар тұлғалары қандай жетістікке жетсе де, бірінші кезекте білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді. Бәрімізде ұстаздан нәр алып, арманның асқарына ұмтыламыз!» – деді ректор құттықтау сөзінде.

                                                                                             

      Марапаттау рәсімінің қадірлі қонағы болып Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің мақтан тұтар түлегі, сонымен қатар ана тіліміздің шынайы жанашыры, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман келді. Университет басшылығы танымал түлекке құрмет көрсетіп, қажырлы еңбегі үшін алғысын жаудырды. Асылы Осман өз кезегінде білім мен ғылым жолында аянбай тер төгіп жүрген оқытушыларға жылы лебізін білдірді.

      Салтанатты шарада жүзге жуық мәртебелі профессорлар мен оқытушылардың ұзақ жылдарғы еңбегі еленіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.     

      Ұстаздар күні мерекесінде университеттің өнерпаз студенттері де өз өнерлерін ортаға салып, оқытушыларныа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

                                                                               

       

      Бөлісу: