QYZPU студенттеріне киелі жерлерге саяхат сыйлады



    • QYZPU студенттеріне киелі жерлерге саяхат сыйлады

      Болашақ ұстаздар еліміздің мәдени құндылықтарымен танысып, тарихи мекендерді көріп қайтсын деген мақсатпен университет басшылығы 31 білім алушыны ерекше сапарға аттандырды.

      Алматыдан арнайы автобуспен жолға шыққан бір топ жас Жамбыл, Түркістан мен Алматы облыстарындағы кесенелер мен этно-тарихи кешендерге саяхат жасады. Атап айтқанда, бас-аяғы 5 күнде сәулет өнерінің тамаша туындыларының бірі – Қарахан мен оның қалыңдығы Айша бибі кесенелері. Талас өзенінің жағалауында бой түзеген «Тектұрмас» пен  «Көне Тараз» қалашығы, батыр Бәйдібек би, көне Отырар жеріндегі сәулет өнерінің ескерткіші –  Арыстан баб пен Қожа Ахмет Яссауи, Домалақ ана кесенелері мен «Ақмешіт» үңгірі, Қазақстанның Венециясы аталып кеткен – «Керуен сарайды» аралады. Талдықорғандағы «Ошақ» орталығы мен сақ қорғандарына да кіріп, рухани жан дүниесін байытып қайтты.

      Қазақ тарихынан сыр шертетін ғажайып кешендердің сұлулығына тамсанған студенттер киелі жерлерде құран оқытып, ұлы тұлғалардың өмір тарихын шырақшылардың аузынан естіді. Белгілі болғандай, студенттердің көбі аты аталған кешендерде әлі болмаған екен. 

      Сапарды бастап барған жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Мейрамгүл Дәуленбаева университет басшылығының қолдауына алғысын білдіріп, мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор екендігін атап өтті. «Барлығы қызығушылық тантып жатыр. «Тағы да болса екен» деп өтініш білдіріп жатыр, сол себепті жылда осындай экскурсияларды ұйымдастыруды мақсат етіп отырмыз», – деді Мейрамгүл Дәуленбаева.

       

                                                         

       

      Бөлісу: