Ғылым айы аясында филология институтында ғылыми семинар өтті
-
20 сәуір, 2023
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ғылым айы 2023» іс-шарасы аясында өтіп жатқан семинарлар легі жалғасуда. Бүгін филология иснтитутының Қазақ әдебиеті кафедрасында «Ізденіс» ғылыми үйірмесінің ұйымдастыруымен «Оралхан Бөкей шығармашылығындағы ұлттық идея» атты жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің дәрісі және «Жүсіпбек Қорғасбек шығармашылығы – жастар көзімен» атты дөңгелек үстел өтті.
Семинарға университетіміздің филология институтының оқытушы-профессорлары, «Ізденіс» үйірмесінің мүшелері және Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетінің студенттері қатысты. Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек өз дәрісінде Оралхан Бөкей шығармашылығын жаңа қырынан таныстырып, оның әдебиет нормасының шекарасына бағынбайтын, жазу стилінде шекара жоқ, социалистік реализм шеңберінен шыға білген жүректі, шығармашылығында еркіндік бар гипер реалист жазушы екенін дәлелдеді. О.Бөкей шығармашылығына Абай өлеңдері арқылы талдау жасап, екеуіндегі үндесік пен ұқсастықты, сонымен қатар М.Әуезов пен О. Бөкей шығармашылығындағы сәйкестіктер мен ерекшеліктері талдап көрсетіп «Мұзтау», «Қар қызы», «Қасқыр ұлыған» тағы да басқа шығармалары мысалға алынды.
Ғылыми жиынның екінші бөлігі «Жүсіпбек Қорғасбек шығармашылығы – жастар көзімен» атты дөңгелек үстелге ұласты. Университетіміздің «Ізденіс» ғылыми үйірмесінің жетекшісі филология ғылымдарының докторы Гаухар Балтабаева жазушының «Жансебіл», «Өлмейтн құс», «Миллион ара, миллион жылан және мен» атты прозалық шығармаларының негізгі көркемдік компоненттерін, типтік бейнесін, әдеби фонын талдап, негізгі мазмұны мен айтар ойын анықтады. Студенттер автордың алдына отырып, оның шығармасын талдау арқылы шығармадағы автордың айтпақ ойы мен өз ойларының сәйкестігін білу үшін толғандырған сұрақтарына бірден жауап алу мүмкіндігіне ие болды.Ғылыми талдауға құрылған кездесуден ерекше әсер алған жастар жазушыға арналған өз арнауларын да оқып, ізгі тілектерін білдірді. Ғылым айы аясында өтіп жатқан іс-шаралар әлі де бір ай бойы жалғасын таппақ.
МЕДИА
Бөлісу: