Симпозиумға 108 ғылыми мақала түсті
-
22 қазан, 2020
Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумына 108 ғылыми мақала келіп түсті. Жиын қарсаңында жарық көретін жинаққа қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарының ғалымдары және жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері өз еңбектерін ұсынған.
Түркі әлемі ғылымы, әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал етуді көздейтін Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы осымен жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.
Биылғы шара «Ортақ түркі тарихының жазылуы» тақырыбына арналған. Үш күнге жалғасатын жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Башқұртстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу ұйымдарының ғалымдары қатысады.
Симпозиум жұмысы «әл-Фараби», «Абай», «Исмаил Гаспралы», «Ахмет Байтұрсынұлы», «Мұстафа Шоқай», «Физули», «Шыңғыс Айтматов», «Ахмед Джевад», «Әлішер Науаи», «Карабах», «Зия Гёкальп», «Шахрияр», «Эркин Вахидов», «Зәки Валидов (Тоған)», «Гянджеви», «Омер Сейфеддин» және «Молла Панах Вагиф» секциялары бойынша жүргізілуде.
Айта кетейік, әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, ғылыми бағытта пікір алмасуды қамтамасыз ету, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау – Симпозиумның басты мақсаты.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Бөлісу: