ҚАЗАНАМА: Шәмша Беркімбаева



    • ҚАЗАНАМА: Шәмша Беркімбаева

      АЛМАТЫ. 8 СӘУІР. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы қайраткер-ғалым, академик, халық ағарту ісінің озаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Беркімбаева Шәмша Көпбайқызының қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып  көңіл айтады. 

      Беркімбаева Шәмша Көпбайқызы 1942 жылғы 10 қазанда Алматы облысының Қаскелең ауданында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін, 1984 жылы СОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірді. Еңбек жолын 1966 жылы Алматы облысындағы Киров атындағы сегіз жылдық мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдігінен бастаған.

      Ш.Беркімбаева 1987-1989 жылдары Алматы қаласындағы №12 орта мектебінің директоры, 1989-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары, 1997-1999 жылдары Қырғыз Республикасындағы Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық Оқу басқармасының басшысы лауазымдарында жұмыс істеді.

      Шәмша Беркімбаева Парламент Сенатының депутаты ретінде жоғары заң шығарушы орган жұмысын мемлекеттік тілде жүргізуге көшудің бірден-бір бастамашысы болды. Қайраткер-ғалымның арқасында барлық депутаттар мемлекеттік тілде сұрақтар қойып бастады.

      Шәмша Беркімбаева 2002-2003 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі қызметін «Ауыл мектебі» бағдарламасын жүзеге асырудан бастады. «Ауыл мектебі» бағдарламасы тұңғыш рет үкімет деңгейінде қабылданып, сол мерзімде ауылда 226 мектеп салынды, жүздеген мектептер күрделі жөндеуден өткізі­ліп, химия, физика кабинеттері қайта жабдықтал­ды.

      Шәмша Беркімбаева 2003-2011 жылдары аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарды. Ол басқарған жылдары оқу орны бір сатыға көтеріліп, университет мәртебесін алды. Сонымен қатар Ш. Көпбайқызы оқу процесіне жетекшілік етумен қатар, əкімшілік-шаруашылық жұмыстарының, тəлім-тəрбие істерінің жаңаша жаңғыруына атсалысты. Сол кезде де ауыл мектебінен келген жастарды университетке көбірек тартты.  

      Сол жылдары университетте заманауи үлгідегі 9 қабатты 450 орындық «Студенттер үйі» салынып, оқу ғимараттары, жатақханалар мен асханаларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бакалавриат мамандықтарының саны артып, магистратура ашылды. Оқу зертханалары жаңа құралдармен, жиһаздармен толықтай қамтамасыз етілді.

      Шәмша Көпбайқызы білімді жастарды имандылыққа тəрбиелеу, университетті бүгінгі күн талабына сай материалдық жəне рухани игіліктермен қамтамасыз етуді көздеді. Осы мақсатта жастардың білімін жетілдіріп отыруға жетелейтін атаулы стипендиялар тағайындалды. Бүгінгі күнде Шәмша Беркімаеваның елеулі еңбегі ел қазынасына айналып, бірегей білім ұясында атқарған ұстаздық һәм басқарушылық қызметі көпке үлгі болып отыр.

      Ел дамуы жолындағы қажырлы қызметі үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Үздік қызметі үшін», Ы. Алтынсарин атындағы және А. Байтұрсынов атындағы медальдарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

      Ш. Беркімбаева – Халықаралық педагогикалық Білім академиясының академигі, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгілерінің иегері.

      Халқымыздың біртуар перзенті, ақын Фариза Оңғарсынова Шәмша Көпбайқызы жайлы «Қыз-ғұмыр шынарым-ай, Халқымның шырағындай», – деп жазған болатын. Расында да, Шəмша Беркімбаева – болмысы бөлек, бітімі ерек, дара мінезді, жүрегі қазақ деп соққан ұлтымыздың санаулы қыздарының бірі де бірегейі болды. Қазақстан ғылымы мен білімінде ерекше орны бар дара тұлғалардың бірі болған Шәмша Көпбайқызының есімі жадымызда мәңгі сақталады!

        Коммуникация және маркетинг департаменті  

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05               

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz           

      Бөлісу: