Председатель совета директоров дал интервью



    • Председатель совета директоров дал интервью

       АЛМАТЫ. 7 мая. Пресс-центр Председатель совета директоров Казахского национального женского педагогического университета, государственный и общественный деятель Омархан Оксикбаев дал интервью республиканской газете «Qazaq».

      Представляем вашему вниманию полную версию интервью.

       

      ОМАРХАН ӨКСІКБАЕВ: «ЕСІҢ БАР БОЛСА ХАЛҚЫҢА ПАЙДАҢДЫ ТИГІЗЕТІНДЕЙ БОЛЫП ӨМІР СҮР!»

      ҚОЛЫМНАН СҮЙРЕЙТІН «АҒА-КӨКЕ» БОЛҒАН ЖОҚ

      – Омархан Нұртайұлы, ғасырдан астам тарихы бар, негізін Алаш қайраткерлері һәм ұлтымыздың даңқты тұлғалары қалыптастырған «Qazaq» газетіне сұхбат беруге келісім бергеніңізге ризашылығымызды білдіреміз. Әңгімеміздің әлқиссасын «мемлекетшіл», «елшіл» деген ұғымдардың ара-жігін ажыратудан бастасақ... Сіздің пайымдауыңызша ол қандай азамат? Анықтамасы бар ма?

      – Сауалыңызға рақмет, Жандар. Менің ойымша, бұл атаулар бір-біріне етене жақын ұғымдар. Десе де бүгінде осы ұғымдарды жікке бөлу үрдіс алды. Мәселен қазіргі күнде мемлекетшіл деп биліктің сойылын соғып, шоқпарын көтеріп жүргендерді атаса, ал қараша халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтындарға «елшіл» деп ат қойып, айдар тағу байқалады. Менің түсінігімде екеуі синоним сөздер. Себебі аталған қасиеттері бойында бар азамат халықтың, мемлекеттің мүддесін ойлауы керек. Олар қоғамның дамуын, оның дұрыс қалыптасуын, болашағы мен қауіпсіздігін, әлеуметтің әлеуетін көтеруді басты бағдар етіп алуы тиіс. Осы орайда астын сызып атап өткім келеді, биліктің қай сатысында қызметте отырмасын кез келген азамат мемлекетшіл болуы міндетті және мемлекеттің мүддесін жан-тәнімен қорғауы тиіс. Оған өресі мен деңгейі жетпесе атқарып отырған қызметінен кетуі керек.

      – Әңгімемізді бұл сауалдан бастауымызға да себеп жоқ емес. Сіз егемендіктің елең-алаң кезінен бері билік дәлізінде түрлі лауазымды қызметтерді атқарып келесіз. Өткенге шегініс жасайықшы... Барлығы қалай басталып еді? Балқаш өңірінде дүние есігін ашқан бала Омарханның бүгінгі өзіндік болмыс-бітімі қалыптасқан қайраткер Омарханға дейінгі жүріп өткен жолына шолу жасап көрсек...

      – Әрине, аспаннан салбырап түскен жоқпын. Осы деңгейіме жетуіме басты себепкер болған отбасыдағы тәрбие, табанды еңбек, кәсібіме деген адалдық десем жалған айтпағаным. Біз кешегі ата мен әженің тәрбиесін көрген ұрпақпыз. Олар мені балаң күнімнен әділеттілікке, ізеттілікке, шыншыл болуға тәрбиелей білді. Үйдің үлкені болған соң біздің дұрыс азамат болып қалыптасуымызға ата-анам да жете мән берді. Олар қолға алған қандай да бір істі аяғына дейін жеткізуді және оны адал орындауға дағдыландырды. Оң-солымды тануыма ортамның да өзіндік әсері болды. Адам алған тәрбиесіне қарай өз ортасын қалыптастырады.

      Мектепте орысша білім алдым. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ елімізде тәртіп болса екен, халқымыздың жағдайы оңалса екен деп балаң қиялға беріліп, армандайтынмын. Мен ауылдың топырағынан шыққан, сол құтты мекеннен өсіп-өнген адаммын. Бес жасымыздан қозы бағып, жеті жасымыздан қой қайырған баламын. Шаңырақтың тұңғышы болғандықтан шаруаға ерте араласып, қора-қопсыны тазалау, үйге су әкелу, ауланы тазарту сияқты жұмыстардың барлығы біздің еншімізге жүктелді. Соның барлығы да мені табанды еңбекке баулыды. Егер де күнделікті шаруаны уақтысында істемесем ертең оның ауыртпалығы артпаса кемімейтіндігін білетінмін. Сондықтан да өзіңе тиесілі міндеттегі жұмысты дер кезінде әрі мұқият орындауды жас кезімнен түйсіндім десем жасырын емес. Өзге қатарластарың сияқты ойнағың келеді. Алайда ең бірінші жүктелген шаруаны бітіру керектігін білетінмін.

      Институтты бітіріп, қызметке араласа бастаған кезде ең басты қағидат тиянақтылық екенін жете ұғындым. Атқарып отырған ісіңе мұқият қарап әрі адал істесең ғана нақты нәтижеге жетесің. Менің бұл орайдағы басты бағытым – жұмыс барысындағы тазалық, ұқыптылық пен оның нақты нәтижесі. Ашығын айтайын, менің арқамнан қағып, қолымнан сүйрейтін «аға-көкем» болған жоқ. Өз ісіме деген адалдығым, кәсібилік пен отбасыдағы тәрбие болашағыма шамшырақ болды. Танылуыма әсер етті. Алға жол сілтеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы осы қасиеттерімді бағалағаннан болар, бірқатар жауапты қызметтерге тағайындады. Жанына жақын тартты.

      – «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден». Бүгінде халыққа қызмет етіп жүрген азаматтардың бойынан осы бір қасиет байқалмайтын сыңайлы. Сіздің көзқарасыңыз...

      – Әрине, сөзіңізбен келісемін. Мінездің қалыптасуы көп факторға байланысты. Егер де қандай да бір жұмысты не болмаса қызметті атқару кезінде сен өзіңнің мінезіңмен қатар ұқыптылығыңды да көрсетуің керек.  Наныңды адалынан табуға тиіссің. Ең бастысы – жұмыстың қайтарымы мен тиімділігі болатындай жағдайды туғызуың қажет. Ағыспен жүзе беруге де болады. Ондай адамдар да бар. Ондай жағдайда сенің жұмысыңның тиімділігі де, елге келтіретін пайдасы да шамалы болмақ. 

      – Омархан Нұртайұлы, Сіз бесінші және алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып еңбек еттіңіз. Қазақ парламентаризмінде өзіндік қолтаңбаңызды қалдыра білдім деп ойлайсыз ба? Парламент қабырғасында жүріп кешегі Шерағаң, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Марат Оспанов сынды аға буынның ізін жалғай алған боларсыз.

      – Сіз атап өткен біртуар азаматтармен өзімді салыстырғым келмейді. Артық болады. Олардың ұлт мүддесі үшін атқарған орасан зор істері бір төбе екендігін көзіқарақты қауым үшін белгілі жайт. 9 жылдан астам Парламент қабырғасында еңбек еттім. Расын айтайын, біріншіден, хал-қадірімше адалынан қызмет жасауға тырыстым. Екіншіден, депутаттық қызметімде халықтың көкейіндегі жүрген мәселелерді көтердім десем жаңсақ айтқаным болмас. Үшіншіден, мемлекет пен қоғам мүддесін қорғайтын заңдарды қабылдауға бастама таныттық. Төртіншіден, Мәжіліске есеп беруге келген Үкімет мүшелеріне қараша халықтың көкейінде жүрген сауалдарды қойып, күрмеуі қиын түйіткілді мәселелерді орнықты жеткізе білдім.

      Қойылған сұрақ та, айтылған пікір де істің дұрыс бағыт алуына, мәселелердің оң шешім табуына, мемлекеттік бағдарламалардың орнықты орындалуына өз әсерін тигізгені рас. Міне, осындай жайттарды ой елегіне салып, парықтасам Парламент қабырғасындағы уақытым босқа кетпеген сияқты.

      – «Турасын айтып туғанына жақпағандар». Ел арасында осындай бір тәмсіл бар. Сіздің Парламент төрінен, ақпарат құралдарынан кетеуі кеткен кемшіліктер мен орын алған олқылықтар жайлы айтқан сөздеріңіз көзіқарақты көпшіліктің есінде. Бұл зиянын тигізіп не болмаса қандай да бір кедергісін келтірген жоқ па?

      – Әлбетте, шындықты айтқан кімге жаққан?! Расын айтқанда бүгінде лауазымды тұлғаларды сынға алсаң, олар үшін сен зеңбірекпен оқ атып жатқандай көрінесің. Бірақ әділін айтып, атқарып отырған қызметіндегі кемшіліктерді нақты дәйектерді келтіре отырып айтқан кезде түсінетін азаматтар бар. Осы арада айта кетейін, мен өзіме ұпай жинайын деп сынаған емеспін. Айтқан кезде де сынның шын екенін, нақты деректерге сүйене отырып жеткізу керек. Есі бар, дені дұрыс адам айтылған сыннан нақты қорытынды шығарып, олқылықтың орнын толтыруға тырысады. Ал біреулер менің болашағыма балта шабуға тырысып жатыр деп топшылайды. Ол адамның өресі мен сана-сезіміне байланысты. Әсіресе бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы кезімде қыр көрсеткендер де, соңыма шам алып түскендер болды. Ол кезде комитет бас-көзге қарамай құқық қорғау органдарын да тергеп, тексеретін. Тіпті құпия шығындарына дейін бақылау жүргіздік. Бұндай жағдаймен бұрын-соңды кездеспеген шенділер көздерін алартып, тікелей менің өзіме сес көрсетіп, аяқтан шалуға тырысты. Елбасыға мені жамандап, комитеттің қызметін терістегендер де болды. Олармен соттастық та. Соңында әділдігімізді, ақтығымызды дәлелдедік. Жұмысымыздан мін таппаған соң малтасын езіп өз жөндеріне кетті.

       

      МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҚ ТАНЫТСА ШЕТЕЛ АСҚАНДАРДЫҢ САНЫ АЗАЯР ЕДІ

      – Соңғы жылдары шекара асып, шетелге көшкен отандастарымыздың саны күрт өскен. Оның ішінде қаракөз қандастардың саны басым болып тұр. Мәселен, 2019 жылы өзге мемлекетке 35 мыңға жуық азамат қоныс аударған. Былтырғы көрсеткіш де көңіл көншітпейді. Өкінішті жайт. Олардың басым бөлігі жастар екенін бағамдайтын болсақ бұл жете зерделейтін, тіпті ойландыратын мәселе. Не дейсіз?!

      – Бұл тұрғыда мәселені кеңірек қарауымыз керек. Қазір жаһандану үрдісі етек алды. Шекара ашылды. Қандай да бір тосқауыл жоқ. «Балық тереңді, адам жақсыны аңсайды» деген ұғым бар. Бүгінде адамзаттың өмір сүру дағдысы өзгерген. Олар әлемнің түкпір-түкпірін аралап, өзіне қолайлы ортаны мекен етуді қалайды. Бүгінде өзіне жеткілікті қорын жинап, өзі қалаған елге қоныс аударып кетіп жатқандар бар. Бірақ шекара асып жатқандардың арасында еліміздің көзі ашық, оқыған азаматтардың қарасының көп болуы жаныма батады. Оларға айтарым да бар. Жаман болсын, жақсы болсын, сен осы жерде оқыдың, жетілдің, табыс таптың. Енді кез келген дүниенің қайтарымы болатыны сияқты еліңе де беретініңді беріп, еңбегіңді сіңіріп «мен еліме қарыздар емеспін» деп кетсе басқа әңгіме. Ал мемлекеттің бар игілігін көріп, шекара асқандарда өтелмеген парыз бар. Ол – ел мен жер алдында қарыз. Бұл жерде аға буынның да жауапкершілігі бар. Біз жастарымызға дұрыс тәрбие беруіміз керек. Олардың санасына Отан алдындағы парыз бен қарызды жете құю қажет. Жастарға шекара аспайтындай жағдай жасауға тиістіміз. Мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауы болса шетел асқандардың саны азаяр еді. Бұл бір. Екіншіден, құдайға тәуба туған жерден безетіндей жерден шыққан жік жоқ, бейбіт күнде өмір сүріп жатырмыз. Отыз жылдан бері өзара татулықта ғұмыр кешудеміз.

      «Қазақстанда туып, өзге елге кеткендер қандай жетістікке жетті? Неден ұтты, неден ұтылды? Қазақстанға қайта оралғысы келе ме?» Деген сауалнама жүргізілген екен. Қоныс аударғандар арасында. Солардың басым бөлігі елдегі жемқорлықтың дендеп кетуі осындай шешімге алып келді дейді. Сонымен қатар кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды тиісті бағаламау жағы да қоныс аударушылардың санын көбейтіп отыр екен. Қоғамның жегі құртына айналған осы мәселелерді қалай ауыздықтауға болады?

      – Өкінішке орай, жемқорлық қоғамның дерті болып отыр. Бұл мемлекетке төніп тұрған қауіп. Қазақта «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген сөз бар. Мәселен, бір ведомство немесе қандай да бір мекеме қызметкері жемқорлықпен ұсталса мекеменің бүкіл ұжымы мен оның беделіне нұқсан келеді. Халықтың алдында абыройы төмендейді. Шенеунік пен жемқорлық синонимдес ұғымға айналып кетті. Өкінішті жайт. Сондықтан да сұрағыңыз орынды. Менің ойымша, жастарға соның ішінде ой еңбегімен айналысатын кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуі керек. Егер де қамқорлық жүйелі түрде көрсетілсе олар ешқайда кетпес еді. Шетелге қоныс аударғандар жетісіп жүр деп ойлайсыз ба? Жоқ. Олар үлде мен бүлдеге бөленіп жүргені шамалы. Шетелде оңай нан таппайсың. Олар біздегіден он есе жұмыс жасап жүр. Олай жасамаса аштан өледі. Нарық талабы зор. Бәсекелестік жоғары. Сенің қарым-қабілетіңді, әлеуетіңді жан-жақтан бақылап отыр. Талаптарына сай келмесең қажетің де шамалы. Десе де жалақы жоғары. Бізге қарағанда. Қазақстандағы мардымсыз айлық жастарға кедергісін келтіріп жатқаны рас. Бүгінгінің жастары тезірек дәулетті болғысы келеді, жылдам үй алғысы келеді. Мен өз тәжірибемнен айтайын. Ең алғашқы басыбайлы баспанама 39 жасымда ғана қол жеткіздім. Оған дейін орыстардың жер кепесінде де тұрдық. Екі баламмен Алматының түкпір-түкпірінде пәтерден-пәтерге көшіп жүрдік. Біздің замандастардың барлығының басынан өткен жайт қой. Ал бүгінгі жастар ондайға шыдамайтыны рас. Байлыққа жылдам жеткісі келеді. Өмір – ертегі емес. Табысқа да, жетістікке де өз еңбегіңмен, маңдай теріңмен жетесің. Шетелге бақыт іздеп кеткендердің қаншалықты баққа кенелгенін уақыт көрсете жатар. Алайда туған жер, тұрған жеріңе жетер мекен жоқ қой. Бұл дүниеде.

      – Ұзақ жылдар бойы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы болып қызмет еттіңіз. Қазына қаржысына қол салғандармен күресте қандай бір қиындықтар болған жоқ па? «Есептен жаңылысқандар» өзіңізбен «есеп айырысуға» тырыспады ма? «Көз қысты, бармақ бастыға» итермелегендер де кездескен болар?..

      – Қазына қаржысын бақылау зор жауапкершілікті талап етеді. Комитет төрағасы қызметіне келгенде онда бар-жоғы 23 адам еңбек ететін. Бүкіл республикалық бюджеттің сыртқы қаржылық бақылау функциясы сол органға жүктелген. Қыруар жұмыстың барлығын орнықты орындау үшін адами ресурс, кәсіби мамандар қажет болды. Өз ісіне берілген, ары таза адамдарды жинау керек болды. Ол оңайшылықпен жүзеге асатын іс емес. Уақыт өте келе білікті кадрлар мектебін қалыптастырып, комитеттің беделін көтердік. Орган осы жылдары қалыптасып, өзінің тиімділігін дәлелдей білді. Мемлекет қаржысының негізсіз жұмсалып жатқанын анықтап, соған дер кезінде тосқауыл болдық. Мәселен, 2007 жылдары еліміздегі ауруханалар мен емханалар шетелдің қымбат құрал-жабдықтарын сатып ала бастады. Қазынаның қыруар қаражаты есебінен. Құны қымбат құралдардың кейбір ауруханаларда 3-4 жыл бойы кәдеге жаратылмай, тіпті қорабы ашылмаған күйі тұрды. Миллиардтаған қаржыға алынған жабдықтар кей жерлерде жарамсыз да болып қалды. Бұл – барып тұрған бассыздық. Жеме жемге келгенде бұл мемлекетке жасаған қиянат еді. Неге? Біріншіден, аталған құрал-жабдықтарды орнататын жерді алдын ала дайындамай тапсырыс берген. Екіншіден, заманауи құралдармен жұмыс істейтін маман жоқ. Нақтылай айтқанда, дайындамаған. Барлығы есеп беру үшін, көзбояушылық үшін жасаған іс. Тағы бір дәйек. 1 200 орындық мектепті Түркістан облысында 400 млн-ға салса, Алматы облысында дәл осындай білім ұясының құны 650 млн-ды құрайды. Ал Атырау облысындағы жалпы құрылыстың құны 1 млрд 300 млн. Ақылға сия ма?.. Ұрлықтың төркіні қайда, жымқыру қайда?! Өзіңіз бағамдай беріңіз. Осындай жүгенсіздікті анықтап, тосқауыл қойып отырдық. Қазір бұндай жайттар саябырсыды. Оған жыл сайын қатаңдатылған заң да өз үлесін қосқанын жасырмаймын. Біз ондаған жылдар бойы бюджетті жоспарлаудің механизмдерін жетілдіріп, Бюджет кодексіне көптеген толықтырулар енгіздік. Ол өз нәтижесін берді.

       

      ҒЫЛЫМ ДАМЫМАЙ – МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ

      – Экономика ғылымдарының докторысыз. Ғалым ретінде бүгінгі отандық ғылымның дамуына қандай баға бересіз? Ғылым мемлекет дамуында рөл атқарып жатыр ма?

      – Ұлтымыздың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлы «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген. Хәкімнің ұлағатқа айналған осы сөзінің мәні уақыт өткен сайын көмескіленбей, есесіне мағынасы артып келе жатыр. Ғылым дамымай – мемлекет дамымайды. Біз өзгелерден кем емеспіз. Біздің мүмкіндіктеріміз мол. Оған қол жеткізу үшін ғылымға маңыз беруіміз керек. Қазақстандағы ғылымның ахуалы мақтанатындай деңгейде емес. Бізде ғылымды формальді түрде қолдау бар. Нақты түрде айтқанда жоқты-барды дүние. Ғылымға нақты, межелі және жеткілікті қолдау болуы керек. Сонда ғана бір нәтиже шығады. Олай болмаған жағдайда барлығы алдамшы дүние. Біз жыл сайын 30-40 млрд теңге көлемінде грант бөлеміз. Нәтижесінде не болды? Қандай жаңалық ашылды? Ауыз толтырып айтарлықтай дүниені көрмей тұрмыз. Менің ойымша, ғылыммен түбегейлі айналысатын арнайы ведомство болуы керек. Ол барлығын сараптап, зерделеп отыру тиіс. Бізде жан-жақты ойластырылған, нақты нәтижесі бар ғылыми жобалар бар. Соны жүзеге асыруымыз қажет. Біздегі ғылымның жайы есеп берудің айналасында ғана қалып қойғаны жасырын емес. Өндіріске еніп жатқан жаңалық жоқтың-қасы. Ол – ғылымның көсегесін көгертпейді. Ондай ғылым кімге керек? Бізде деңгей де, көзі ашық, ұлтжанды ғалымдар да бар. Бір ғана ауылшаруашылығы саласын алайық. Бұл саланы дамытуға біздің әлеуетіміз де мүмкіндігіміз де толығымен жетеді. Экономиканы мұнаймен емес, ауылшаруашылығымен көтеруге мүмкіндігіміз бар. Тек түбегейлі жұмыс пен іргелі ізденіс керек. Бүгінде әлем бойынша экологиялық таза өнім шығаратын Қазақстан ғана. Болашақта адамзат ешқандай қоспасыз таза өнімді тұтынатын болады. Осының өзінен-ақ пайымдай беріңіз.

      – Елбасының бастамасымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Отыз жылға жуық уақыт аралығында осы бағдарлама арқылы мыңдаған қазақ жастары шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып, біліктілігін жетілдірді. Ел көрді, жер таныды. Жалпы осы бағдарлама ел дамуы үшін қаншалықты кәдеге жарай білді?

      – «Болашақ» бағдарламасы – деңгейі жоғары жастарымыздың шетелден білімін арттыруға зор септігін тигізді. Осы жылдары талай жас осы бағдарламаның арқасында әлемнің беделді жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтіп, біліктілігін жетілдірді. Алайда «әттеген-айлар» да баршылық. Бағдарламаның стратегиялық бағыты дұрыс болды. Ал тактикалық бағыттарында қателіктер біршама көп болды. Бастапқыда бакалаврды да аталған бағдарлама шеңберінде оқытқанымызды білесіз. Оны өзімізде де оқытуға мүмкіндік бар еді. Соның нәтижесінде қыруар қаражат шетелге ағылды. Қазір ол түзелді. Екіншіден, өзімізде жеткілікті мамандарды шетелден оқытудың қажеттілігі жоқ еді. Олардың қатарында экономистер мен түрлі сала менеджерлері бар. Біз инженерлік, техникалық, медицина, химия саласы мамандарын оқытуға басымдық беруіміз керек болатын. Олар батыстың білімін елімізге алып келіп, кенже қалған аталған салалардың дамуына әсерін тигізетін болар еді деп ойлаймын. Әлі де болса осыған маңыз бергеніміз абзал.

      – Омархан Нұртайұлы, жуырда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Директорлар кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалдыңыз. 80 жылға жуық тарихы бар отандық педагог кадрларын даярлайтын бірден-бір бірегей білім ордасын уақыт ағымына сай дамыту бағытында қандай жоба-жоспарларыңыз бар? Бөліссеңіз.

      – Бүгінге дейін оқу орнының бары мен жоғын түгендеп, жасалған жұмыстар мен болашақта атқарылар істерді сараптадым. Әлі де жете зерделейтін мәселелер баршылық. Әсіресе, университеттің материалдық-техникалық базасы сын көтермейтінін атап өткім келеді. Бұл оқу орны білім беретін мамандарды даярлайды. Ал педагог өз шәкіртінен барлық жағынан алдыңғы шепте болуы тиіс. Мұғалім жаңалығы желмен жарысқан бүгінгі уақыттағы барлық жағдаяттарынан хабардар болып отыруы керек. Ол үшін болашақ маман университет қабырғасында заманауи құралдардың барлығын игеріп, танып-біліп шығуы қажет. Ондай білімді бере алмаса оқу орнының қандай маңызы бар? Қажет пе? Осыларды ескере келе бірнеше жоба-жоспарларым бар екендігін атап өткім келеді. Ол уақыттың еншісіндегі дүние.

      Міне, екі айдың жүзі болды еліміздегі іргелі оқу орнына басшы тағайындалған жоқ. Қолынан іс келетін, ұжымды ауызбіршілікте ұстап, бір бағытта жұмылдыра білетін білікті адам ректор болып тағайындалса деген ниетім бар. Жуырда оқу орны Директорлар кеңесінің жиыны өтіп, Басқарма Төрағасы – Ректорлық лауазымға үміттілер арасында конкурс өткізілді. Анығын айту керек, республикалық комиссияға ұсынылған яки басым дауысқа ие болғандардың Қыздар университетінің тасын өрге домалататына күмәнім бар. Өз пікірім. Мүмкін ол кісілер өз әлеуетін толығымен аша алмаған болар. Болашақта ректормен ұйымдасып қызмет атқаруымыз керек. Көптеген мәселелерді бірлесе шешуге тура келеді. Сондықтан да университет басшылығына тәжірибесі мол, зерделі жан келсе деген тілегім бар екенін жоққа шығарғым келмейді. Мен өз абыройымды, білімім мен білігімді осы оқу орнының абыройы мен беделінің артуына салатынымды тағы да атап өткім келеді.

       

      «ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА»

      – Сіз үшін «Отан» ұғымы нені білдіреді?

      – Туған жерім. Отан менің екінші анам

      – Балаларыңыздың ішінен Сіздің ісіңізді жалғағаны бар ма?

      – Ұлым қаржы саласының маманы.

      – Дәулеттісіз бе?

      – Дүниені алдыңғы орынға қойған адам емеспін. Барға қанағат ететін пендемін. Менің байлығым – ортам.

      – Өтірікті қаншалықты жиі айтасыз?

      – Адам баласына өтірік айтып, нәпақа тапқан емеспін.

      – Достарыңыздың саны қанша?

      – Жанашыр дос жоқтың-қасы. Дүниелік дос көп қой.

      – Кімнен немесе неден қорқасыз?

      – Құдайдың қаһарынан және сатқындықтан қорқамын.

      – Сіз үшін өмірдің мағынасы неде?

      – Еліме, жеріме, жақындарыма пайдалы болып, адам деген атқа лайық болып қалу. Есің бар болса халқыңа пайдаңды тигізетіндей, ізің қалатындай болып өмір сүру. Әр азамат солай ғұмыр кешуге тиісті. Сонда ғана ер екеніңді танытасың.

      – Әңгімеңізге рақмет!

      Сұхбатты жүргізген: Жандар АСАН

      Отдел пресс-службы и связи с общественностью

      Контактный телефон: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Поделиться: