К. Жайлыбай: Наука играет важную роль в борьбе с вирусом



    • К. Жайлыбай: Наука играет важную роль в борьбе с вирусом

      АЛМАТЫ. 3 марта. Пресс центр – Статья профессора Казахского национального женского педагогического университета, доктора биологических наук Келиса Жайлыбая на тему «Наука играет важную роль в борьбе с вирусом».

      Ғылыми-техникалық прогрестің басталып дамығанына 250 жылдан асты, нәтижесінде адам баласы орасан зор жетістіктерге жетті. Техника, технология, транспорт, құрылыс зор қарқынмен дамытылды, ауылшаруашылығы интенсивтендірілді, интернет, компьютер пайда болды, үлкен мегаполис қалалар салынып, биосфера бейнесі, ландшафты түбегейлі өзгерді. Адамзат өзінің «алтын бесігі» жер ғаламшарының тартылу күшін жеңіп, ғарышқа шықты, т.с.с. Мұның бәрі адам баласының игілігіне айналды. Адамдар саны күрт көбейіп, 7 млрд-тан асты.  Дегенмен, ғылыми-техникалық прогрестің бұлай дамуы және адамдар санының күрт көбеюі салдарынан негативті, қолайсыз, тіпті апатты жағдайлар көбейіп, биосферадағы экологиялық жағдайлар өзгеруде. Яғни коронавирус індетінің пайда болып таралуына адам баласы қалыптастырған экологиялық жағдайлардың, өзгерістердің әсері бар.   

      Атмосферадағы оттегі өсімдіктердің фотосинтезі процесі нәтижесінде пайда болып, миллиондаған жылдар ішінде қалыптасқан. Ғалымдардың пікірі ­бойынша атмосферадағы оттегі 20,95% және ол тұрақты деп есептелінеді. Нақты жағдайда бұл тіпті де олай емес. Күзде, қазан-қараша айларында ағашты және бұталы өсімдіктер жапырақтарын түсіреді, бір жылдық және көп жылдық шөптесін өсімдіктер тұқымдарын шашқаннан кейін, жер беті сабақтары, жапырақтары өледі, яғни фотосинтез процесі тоқтап, оттегінің атмосфераға шығарылуы доғарылады.. Бірақ, сүтқоректі жануарлардың, соның ішінде адамдардың тыныс алуы (яғни оттегіні сіңіруі) тәулік бойы және жыл бойы тоқтамайды. Көліктің барлық түрлерінде жанармай жағылады, заводтар мен фабрикаларда, жылу электростанция­ларында жанармай жағылып, оған оттегі жұмсалады. Қазіргі кезеңдерде бүкіл әлем бойынша, күніне 4,5 млрд. тонна жанармай жағылады екен және оған орасан көп мөлшерде оттегі жұмсалады. Нәтижесінде атмосферадағы оттегі мөлшері біртіндеп азая береді, ең төменгі мөлшері ақпан ­айына сәйкес келеді. Коронавирус індеті осы ақпан айынан бастап таралды. Наурыз айынан бастап өсімдіктердің бүршіктерінен жапырақтары шығып, фотосинтез процесі қайтадан басталады да, оттегі шығарыла бастайды. Атмосферадағы оттегінің мөлшері біртіндеп көбейіп, ең көп мөлшері тамыз, қырқүйек айларына сәйкес келеді. Тамыз айынан бастап вирус індеті біртіндеп азайды. Ал, енді осы уақыттар аралығында (ақпан – тамыз, қырқүйек) атмосферадағы оттегінің бұрынғы 20,95%-дық мөлшері қайтадан қалпына келе ме? Келмейтін сыңайлы. Неліктен?

      Адам баласы үлкен мегаполис қалалар (5-12 млн. адамдар шоғырланған) ­салып, инфрақұрылымын жақсартты, автокөліктер тәулік және жыл бойы үздіксіз жүруде, олардың двигателі үздіксіз жұмыс істейді және оттегіні көп мөлшерде жағады. Бірақ осындай қалалардың орталық көшелерінде өсімдіктер (ағаштар) жоқ, тас төселген немесе асфальтталған. Яғни фотосинтез процесі жүрмейді, оттегі шығарылмайды. Сондықтан биосфера атмосферасындағы оттегі мөлшері жыл сайын бұрынғы (20,95%) мөлшерін толықтыра алмайды. Нәтижесінде ауадағы оттегі мөлшері жыл сайын біртіндеп ­азайып келе жатқан сыңайлы. ­Мысалы, эколог Мэлс Елеусізовтың мәліметі ­бойынша, Алматы қаласының ауасындағы оттегі мөлшері 17% шамасында, ал осыдан 60 жыл бұрын Алматы ауасында оттегі көбірек болып, ауа таза болған. Егер оттегі мөлшері 8-12% мөлшеріне жетсе, бүкіл биосферада және Қазақстанда (Алматыда) апатты жағдай туындайды.

      Еуропада, орыс мемлекеті территориясында вирустарға, бактерияларға қарсы тосқауыл болатын табиғи жағдай бұл – емен, арша ормандары, Қазақстан жағдайында – жусан экожүйесі, жиде, арша тоғайы. Сонымен бірге адамдардың иммунитеті жақсарып, тегеурінді ұландар (жігіттер), денсаулығы күшті ару қыздар өсіп жетілуі үшін, вирусы, бактериялары жоқ таза ауамен бірге, экологиялық тұрғыдан стратегиялық маңызы зор азық-түліктің (жылқы еті, қымызы, шұ­баттың) әсері күшті. Қазіргі кезеңде ме­дицина мамандарының және академик Т.Шармановтың ұсынысы бойынша, коро­навирустан қорғану тәсілдерінің бірі – дұрыс тамақтану. Табиғи жануарлар мен жәндіктер популяцияларында олардың дараларының саны көбейген жағдайда популяцияның ішкі даму заңдылықтары іске қосылады. Солардың бірі – әлжуаз, денсаулығы нашар төлдер дүниеге келеді. Олар табиғи жағдайға бейімделе алмай, ауруға шалдығады, сосын өледі немесе жыртқыштарға жем болады. Нәтижесінде популяциядағы даралар саны азаяды, бұл процесс біраз уақытқа созылады. Адам баласы биосфера туындысы, сондықтан популяцияға жатады. Абстракты ойлау қабілеті күшті болып, техниканы, технологияны зор қарқынмен дамытқанымен, биология және медицина ғылымдары үлкен табыстарға жеткенімен, адам популяция­сында да ішкі даму заңдылықтары іске қосылады. Қазіргі таңда адамдар саны күрт өсіп, 7 миллиардтан асты. Осындай жағдайда популяцияның ішкі заңдылықтарының бірі – адамдар көп шоғырланған мегаполис және орташа қалаларда әлжуаз, денсаулығы нашар жас ұрпақ дүниеге келуде. Олардың арасында белсіз жігіттер саны көбейе бастады, ал қыздар арасында бедеу келіншектер пайда болуда және олардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл процес халық саны көп елдер үшін (Қытай, Индия, АҚШ, Бразилия, Ресей, т.б.) оншалықты байқалмайды. Ал жер көлемі үлкен, бірақ халық саны аздау Қазақстан үшін бұл өте зиянды құбылыс. Мұндай процестің дамуы­на қазіргі жастардың тамақтану үрдісінің әсері бар сыңайлы.

      Қазіргі кезеңде барлық мектеп, колледж, университет, басқа да оқу орындарындағы буфеттерде пирожки, ­беляши, самса сатылады. Жас оқушылар, студенттер (6-20 жастағылар) оларды жеп, артынан сусын ішеді. Сусындардың барлығы тәтті, бірақ химиялық құрамы белгісіз (әсіресе шетелден әкелінгендердің), ал тәттіге үйренген жастарымыз қымыз, шұбат ішпейді, өйткені қымыз, шұбат сусындары қышқылдау. Сонымен, жас ұландардың (болашақ жігіттердің) 90%-ы, жас қыздардың 98-99%-ы қымыз, шұбат ішпейді. Пирожки, беляши жеп өскен жастарымыз жылқының қазысы, жаясы, қартасы өте майлы деп оны да жемейді. Міне бұл, мыңдаған жылдар бойы жылқы етін жеп, қымыз, шұбат ішіп өскен қазақ халқы үшін өте зиянды құбылыс. Бірақ қазіргі таңда мектептерде бір мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі, ал Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде грантпен түскен студенттерге үш мезгіл тегін тамақ беріледі. Міне, осы тамақтар тек жылқы етінен дайындалып, студенттерге, оқушыларға берілсе және қымыз, шұбат сусындары ұсынылса.

      Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына «Мәңгілік ел» концепциясын ұсынды. Яғни Қазақстан мемлекеті, оны қалыптастырушы қазақ халқы 50, 100 жылдан кейін, 1000 жылдан кейін, тіпті миллиондаған жылдардан кейінде өмір сүреді. БҰҰ мамандарының пікірі ­бойынша, 2100 жылы қазақтардың саны 30 миллионға жетеді деген болжам бар. Біздің пікіріміз бойынша, қазақтардың саны одан да көп болғаны дұрыс. Сондықтан халқымыздың сапасы жақсарып, болашақта қазақ халқы аман-есен болуы үшін келешекте болатын вирустарға, бактериялық індеттерге қарсы медициналық емдеу тәсілдермен қатар басқа да адами-табиғи шараларды қолдану керек. Осыған сәйкес, экологияны пән ретінде мектептерде 5 сыныптан бастап енгізу керек және оқытушылар (мұғалімдер) дайындау проблемасын педагогикалық университеттерге жүктеген жөн.

      Бұл жағдайда жастарымызға (оқушы­ларға) үйрететін мәселелер:

      1) Вирустарға, бактерияларға қарсы шара ретінде ауылдық жерлерде әрбір адамға (әрбір оқушыға, студентке, ауыл жастарына) есептегенде 5-10 емен ағашын және 5-10 арша өсіру керек. ­Мысалы, ауылдық жерлерде бір жанұяда бес адам болса, олар өз үйін қоршап және маңайында 25 емен, 25 арша, 25 түп жиде ағашы өсіп тұруы керек; егер 10 адам болса – 50 түп емен, 50 түп арша, 50 түп жиде өсіп тұруы керек. Мұндай үйлер маңында вирус болмайды, тек адамдар өздері сырттан жұқтырғанда үйге вирус әкеледі;

      2) Қалаларда, мысалы, ­Алматы ­қа­ласында 2 млн. адам тұрады, күн ­сайын 150 мыңдай адам қалаға келіп, жұмыс істеп, басқада шаруаларын тындырып, кешке үйіне қайтады. Сондықтан ­Алматы қаласында 20 млн емен, 20 млн түп арша өсіп тұруы керек, ал, оңтүстіктегі Шымкент, Түркістан, Қызылорда, т.б. қалаларында аталған ағаштармен қатар соншалықты мөлшерде (яғни, 20 млн. түп) жиде ағашы да өсіп тұрса қалада вирус таралмайды. Бірақ бұл әзірге арман ғой. Қалада бұрыннан өскен қарағаш, көктерек (осина) ағашы өсіп тұр, олардың біразы қартайып, төбесінен қурап, өле бастады. Соларды қырқып орнына емен, арша, жиде өсірсе; 3) Экологияны пән ретінде 5 ­сыныптан бастап енгізіп, әлжуаз жастардың дүниеге келуінің, олардың арасында белсіз еркектердің, бедеу келіншектердің пайда болуының бір себебі ретінде тамақтанудың рөлін түсіндіріп, айту керек. Экологиялық тұрғыдан маңызы орасан зор азық-түлік – жылқы етін жеп, қымыз, шұбат ішуді ашық айтып үйрету керек. Болашақта белсіз еркек, бедеу келіншектер болмауы үшін тәтті сусындарды ішуді доғарып, қышқыл болсада қымыз, шұбат ішуді үйреніп, жылқы етін жеуге дағдылану керек екенін мектеп оқушыларына ашық айтып, түсіндіру керек. Сонда жас ұландарымыздың иммунитеті күшейіп, тегеурінді жігіт ­болып, ал қыздарымыз денсаулығы мықты, Томирис, Бопай ­ханымдай болып өседі, яғни халық сапасы жақсарады. Сондықтан жастарға «егер әлжуаз болмай, тегеурінді жігіт және ару қыз болып өсіп, мәнді өмір сүргің келсе, жылқы етін жеп, қымыз, шұбат ішіп дағдылан» деп ашық айтып, насихаттау керек. Қазіргі таңда әлемдік медицина мамандары коронавирусқа қарсы 6-7 түрлі (соның ішінде Қазақстанда біреу) вакцина шығарып, сынақтан өткізуде. Бұл елеулі табыс. Бірақ біраз уақыттан кейін вирус­тар, бактериялар аталған вакциналарға төзімді болып, мутацияланады және жаңа түрлері пайда болады. Сондықтан ­вирустармен ауырғандарды тікелей емдеумен қатар адами-табиғи ­шараларды кеңінен қолданып, міндетті түрде жүзеге асыру керек. Оған уақыт бар және жас­тарымыз жұмыла кірісуі керек, өйткені алдағы 50-100 жылда аталған ­жастар және олардың ұрпақтары өмір сүреді, қолайлы экологиялық жағдай, вирустық, бактериялық індеттері жоқ микроклимат соларға керек. Бірақ алда әлі уақыт көп деп босаңсуға, жайбарақаттануға болмайды.

      Келіс ЖАЙЛЫБАЙ,

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессор, биология ғылымдарының докторы

      Отдел пресс-службы и связи с общественностью

      Контактный телефон: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

      Поделиться: