Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде креативті индустрияны дамытуға арналған танымдық кездесу өтті.

Тұлға қалыптастыру департаменті, Қыздар көшбасшылығы мен кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға «Qazaq-Oner» Ұлттық қауымдастығының президенті Айгүл Жансерикова арнайы қонақ ретінде қатысты.

Кездесуде спикер білім алушыларға креативті индустрияның мүмкіндіктері, ұлттық өнерді табысты бизнеске айналдыру және жеке бренд қалыптастыру бойынша өз тәжірибесін бөлісті. «Ұлттық құндылықтар мен заманауи трендтерді ұштастыра білген жастар ғана нарықта бәсекеге қабілетті болады. Біздің басты мақсатымыз – дәстүрлі өнерді заманауи кәсіпкерліктің қозғаушы күшіне айналдыру», – деп атап өтті Айгүл Жексенбаевна.

Басқосу барысында университет орталығы мен «Qazaq-Oner» қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық мәселелері де сөз болды. Тараптар студенттерге арналған бірлескен білім беру жобаларын, шеберлік сабақтарын өткізу және жас кәсіпкерлерді қолдау бағытында серіктестік орнатуға уағдаласты.